Павлодар қаласында ЖЭО аумағында өрт шықты

ТЖМ Павлодар қаласындағы №3 ЖЭО аумағында шыққан өрт сөндіріліп жатқанын хабарлады.

ТЖМ

Астана, NEGE. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер градирняның ағаш торламасы ашық жалынмен жанып жатқанын анықтаған. Оқиға орнында жедел түрде өрт сөндіру штабы құрылды.

«Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында өрт оқшауланды. Зардап шеккендер жоқ», – делінген ТЖМ хабарламасында.

Ведомство ақпаратынша, градирня жоспарлы жөндеу жұмыстарында болған. Сондай-ақ оқиғаның өндірістік процеске әсер етпегені, кәсіпорын штаттық режимде жұмыс істеп тұрғаны айтылды.

Қазіргі уақытта өртті толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.