30 октября 2020 г. 7:44

Патшалар ойыны

Фото:

Ердоған мен Путин – нағыз «айырылмас» дұшпандар. Бірін-бірін қолпаштай отырып, сәті түссе арқадан қанжар қадауға да дайын. Бұған соңғы оқиғалар айқын дәлел.

Түркия президенті Ережеп Тайып Ердоған түрік парламентінде сөз алып, Ресейге барынша шүйлікті. Бұған Кремльдің Түркия шекарасынан небәрі 4 шақырым жерде, Идлибтегі түрікшіл сириялық қарулы топтарды әуеден бомбалағаны түрткі болып отыр. Бұған жауап ретінде Ресей қолдап отырған сириялық күштерге – әсіресе, күрді қарулы топтарына қарсы жаңа әскери операция жасайтынын ескертті.

«Идлибтегі оппозицияның жаттығу лагеріне шабуылдауы Ресейдің бейбітшілік пен тыныштықтың орнауына мүдделі емес екенін көрсетеді», – деп мәлемдеді Ердоған.

Десе де, сөзінің соңында ол аймақтық мәселелер – Қарабақ пен Ливияға дейін Ресеймен ынтымақтастық орнатуға әзір екенін де айтты.

Макронның иран газетіне жарияланған карикатурасы.

Ал Ердоған үшін Еуропаның жөні бөлек. «Психикалық ауытқуы бар» Макрон басқаратын Франциямен ымыра жасауға ешқандай құлқы жоқ.

«Исламның және Түркияның дұшпандары бостандықты жалаулатып, жеккөрушілік пен жауластыру дәнін сеуіп жатыр. Бұл батпаққа олардың өздері бататыны сөзсіз», – деді Ердоған.

Түркия соңғы жылдары бүкіл мұсылман әлеміне үлгі, көшбасшы болуға ұмтылып жүр. Сондықтан карикатура мәселесіне қатысты одан басқаша реакция күту мүмкін де емес.

Француз газетінің Ердоғанға карикатурасы.

Бір байқағанымыз, қанша жерден тірессе де, Ердоған мен Путиннің бірін-бірі жақын тартатыны байқалады. Негізі, екі саясаткер егіз қозыдай ұқсас. Мінездес. Мақсаттары да өте-мөте ұқсас. Бірі Ресей – кеңес империясын, бірі – Осман империясын қайта түлетуді көксейді. Қарабақ дауына қатысты Путиннің сөздері бұған айқын мысал бола алады.

«Газ құбырын салу мәселесіне келгенде, біздің заманауи қару-жарақтарымызды сатып алғанда, Ердоған еуропалықтар секілді сағызша созбады. Мұхиттың арғы жағына жалтақтаған да жоқ. Бір-ақ кесіп, шешім шығарды. Ердоғанмен жұмыс істеу бір ғанибет», – деп Ердоғанды іштей ұнататынын Путин ашық мойындады.

Қанша жерден бірін-бірі ұнатса да, түпкі мақсаттары кереғар екенін өздері де жақсы біледі. Бұған Осман империясы мен Ресей империясының тарихта неше мәрте майдан даласында кездескені нақты мысал бола алады.

Қазірдің өзінде де қарсылас. Асадты алдына салып, Путин әскері Сирияның оппозициялық күштерін бірнеше ай бойы әуеден соққылап, тығырыққа тіреп, жеңістің жалауын енді көтере бергенде, Путиннің екпінін басқан да – осы Ердоған. Енді Қарабақ жанжалында Ресейдің одақтасы Арменияны тықсырып жатқан Әзербайжанды ашық қолдап жатыр.

Қарабақ. Фото: АР

Айыптауларына қарағанда, екі ел аймақтағы «содырларды» бөліп алып, жеке мүддесіне пайдаланып жатқандай әсер қалдырады. Кремль үшін Асадқа қарсы топтардың бәрі – «терроршылар». Ал Ердоған болса, «сендер жақта да «терроршы» аз емес» дегенді меңзейді. Мәселен, түрік президенті Путинге мынадай құлаққағыс жасапты. Оған сенсек, Күрді жұмысшы партиясының 2 мыңға жуық содыры Қарабақта армяндар жағында соғысып жүрген көрінеді. Мұның алдында Ресейдің барлау қызметі Армения таратқан «Сириядан келген содырлар Қарабақта жүр» деген күмәнді ақпаратты ресми түрде растаған болатын.

Турасын айту керек, Ердоғанға қарағанда, Путин әлдеқайда әккілеу. Керек жерінде икемді әрекеттерге де бара алады. Ердоғанға қарсы – Еуропаны, Еуропаға қарсы – Ердоғанды қолдағандай болады. Миығынан күледі.

Ердоған болса, тік мінезімен жауын көбейтіп жатыр. Бәрімен бір мезгілде араздасуды ұйғарғандай. Әйтеуір Ресей, Еуропа, Израиль, көрші араб елдері, тіпті, АҚШ-тың өзімен де араз. «Айналамыз толған жау» деген ұран Ердоғанға да, Путинге де тиімді боп тұр.

Орталық Азия үшін астыртын жүріп жатқан айқасы тағы бар. Түріктердің ағайындығын алға тартып, түркі мемлекеттерін жағалауы Ресейдің қытығына қатты тиетіні жасырын емес. Түріктің  қорғаныс министрі Хулуси Акардың Қазақстанға ат басын бұруы да «Тұран әскері» туралы қорқынышты аңызға қайта тамызық болды. Бұған Қарабақ үшін жүріп жатқан ақпараттық соғыстың  дақпыртын қосыңыз.

Пашинян мен Путин.

Қарабақ демекші, отыз жылдық дау ушығып, нағыз соғыс басталғалы бері бір айға жуық уақыт өтті. Кремль ұзақ үнсіздік танытты. Жақында ғана Путиннің өзі тіл қатып, бейтарап саясат ұстанатынын ашық мәлімдеді. Неге? Пашинян төңкеріспен билікке келгеннен бері Ресейдің көңілінде Арменияға деген күдігі бар. Жау шақырып ақырып отырған Ердоғанның аптығы (әскері, байрактары) тағы бар. Бұл әрекетсіздік Батысты орнына қойып, «жауды жапырып жатқан» Путиннің Ресейде өзі қалыптастырған айбынды бейнесіне онша үйлеспейді. Ердоғаннан именіп қалғандай көрінетіні рас. Армяншыл, діншіл орыстарға да бұл аса ұнамайды. Сондықтан кеткен есесін Ердоғаннан Сирияда қайтаруды жөн көретін секілді.

Патшалардың ойыны осындай.

Тегтер: