20 октября 2025 г. 14:50

Париждегі әйгілі Лувр музейі тоналды

Фото: ғаламтордан

Париждегі әйгілі Лувр музейіне бетперде киген қарақшылар шабуыл жасады. Олар Аполлон галереясына кіріп, тоғыз зергерлік әшекейді ұрлап кеткен.

Алматы, NEGE. Қарақшылар бар болғаны бірнеше минут ішінде әрекет еткен. Қазір оларды іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Сарапшылардың пікірінше, ұрылар кәсіби де, әуесқой да болуы мүмкін.

Алдын ала мәлімет бойынша, ұрылар Наполеон III дәуіріне тиесілі коллекциядағы 23 жәдігердің 9-ын, соның ішінде алқа, түйреуіш, тәж және өзге де бұйымдарды алып кеткен. Мұражай маңынан III Наполеонның әйелі императрица Евгенияға тиесілі сынған тәж табылды. Коллекциядағы ең ірі гауһар тас салмағы 140 караттан асатын атақты «Регент» ұрылардың қолына түспей, орнында қалған.

Париж прокуратурасы тергеу басталғанын хабарлады. Істі сот полициясының қылмыстық топтармен күрес басқармасы (BRB) мен мәдени құндылықтардың заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі орталық басқарма (OCBC) бірлесіп жүргізіп жатыр. Қазір келтірілген залал көлемі есептелуде. Қалалық полиция ұрыларды іздестіруге жұмылдырылды.

«Қылмыскерлерді мүмкіндігінше тез табу үшін барлық шара қабылданып жатыр», - деп мәлімдеді Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньес.

Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньестің айтуынша, тонау жеті минутқа созылған. Алайда елдің мәдениет министрі Рашида Дати қылмыскерлер бар болғаны төрт минуттың ішінде бәрін аяқтағанын айтты.

Оның сөзінше, Франциядағы мұражайлардың қауіпсіздігі мәселесі көп жылдан бері шешілмей келе жатқан өзекті проблема, әрі соңғы 40 жылда бұл бағытта тиісті шаралар қабылданбаған. Бұл туралы ол TF1 телеарнасының эфирінде мәлімдеді.