«Өзімді ешқашан кешірмеймін»: әл-Фарабидегі жол апаты бойынша алдын ала тыңдау өтті
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында үш адамның өмірін қиған әл-Фараби даңғылындағы жол апатына қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті.
Астана, NEGE. Айыпталушы – Zeekr көлігінің жүргізушісі Александр Пак.
Прокурор Әлібек Күмісбеков айыптау актісін оқыды. Оның мәлімдеуінше, 21 наурызда айыпталушы алкогольдік масаң күйде бола тұра, Жол қозғалысы ережелерінің 2.11.2 және 2.12.5 тармақтарының талаптарын елемей, жалған мемлекеттік нөмір тағылған 100 QR 02 нөмірлі Zeekr 9X автокөлігін тізгіндеген. Ол Әл-Фараби даңғылымен батыс бағытта келе жатқан.
«Шамамен сағат 03:30-да ол Жол қозғалысы ережелерін бұза отырып көлікті басқаруды жалғастырған. Жол-көлік апаты болуы мүмкін екенін алдын ала болжай тұра, оған жол бермеймін деп менмендік танытқан, сақтық шараларын қабылдамаған», – дейді мемлекеттік айыптаушы.
Прокурордың айтуынша, жүргізуші белгіленген жылдамдықты сағатына 80 шақырымнан астам мөлшерде асырып, жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген. Мендіқұлов көшесімен қиылыста қарсы бағытқа шығып кетіп, Әл-Фараби даңғылымен шығыс бағытта келе жатқан Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Mercedes жүргізушісі мен оның екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.
Оның мәлімдеуінше, айыпталушының қанынан 1,30 промилле мөлшерінде этил спирті анықталған, бұл орташа дәрежедегі масаңдыққа сәйкес келеді. Сонымен қатар, сараптама қорытындысына сәйкес, Zeekr көлігінің қарсы жолаққа шыққаннан кейінгі жылдамдығы сағатына 219 шақырым болған болуы мүмкін.
Сот отырысында Zeekr көлігінің жүргізушісі Александр Пак қаза тапқан үш адамның туыстарына көңіл айтты.
«Қаншалықты ауыр қайғы әкелгенімді түсінемін. Жауапкершіліктен қашпаймын, оны жоққа шығармаймын да. Заңға сәйкес жазамды өтеуім керек. Бостандыққа шыққаннан кейін қолымнан келгенше көмектесемін. Өзімді ешқашан кешірмеймін және болған жағдайды ұмытуға да жол бермеймін», – деді айыпталушы.
Айыпталушы істі алқабилер сотының қарауынан бас тартты.
Естеріңізге сала кетейік, 21 наурызда Алматыда әл-Фараби даңғылының бойында жантүршігерлік жол апаты болды. Жол апаты салдарынан үш адам көз жұмды.
Осы жайттан кейін полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеу таяуда аяқталды.
Сондай-ақ Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары, әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.