Отбасы банк: зейнетақы жинақтарының шегін арттыру ипотекалық өтінімдерге әсер етпеді
Зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін жеткіліктілік шегінің айтарлықтай өсуі Отбасы банктің ипотекалық өтінімдеріне кері әсер етпеген. Бұл туралы банктің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова Үкімет отырысынан кейінгі брифингте мәлімдеді.
Астана, NEGE. Журналистің зейнетақы жинақтарын пайдалану шегінің артуы азаматтардың банк бағдарламалары бойынша ипотекаға өтінім беру белсенділігіне қалай әсер еткені туралы сұрағына Ибрагимова айтарлықтай өзгеріс байқалмағанын айтты.
«Биыл түсімдердің өсім қарқыны өткен жылмен салыстырғанда 20 пайыздан жоғары. Жыл басынан бері жинақ көлемі 800 млрд теңгеге жетті», – деді ол.
Оның айтуынша, азаматтардың көпшілігі зейнетақы жинақтарын тұрғын үй құрылыс жинақ депозитіне бөліп пайдаланып, сол арқылы өздерінің жинақтау тарихын қалыптастырады. Сондықтан шілде-тамыз айларында ипотекалық өтінімдер бойынша айтарлықтай төмендеу байқалмаған. Ал тамыз айының соңында, керісінше, ипотекалық өтінімдер артқан. Ибрагимова мұны банкте қалыптасқан «1 қыркүйек эффектісімен» байланыстырды.
«Бұл – балалары үшін жылдар бойы ақша жинаған адамдар. Балалары университетке түскен кезде, әсіресе ірі қалалардағы жоғары оқу орындарына оқуға барған кезде, ата-аналар баспана мәселесін шешуге кіріседі. Қазір біз өңірлерден келетін клиенттердің, әсіресе ірі университеттер орналасқан қалалардағы клиенттердің ипотекалық өтінімдермен жүгінуін көріп отырмыз», – деді банк басшысы.
Оның сөзінше, бұл азаматтардың көпшілігі мемлекеттік бағдарламаларға қатыспайды. Олар өз қаражатын алдын ала жинап, тұрғын үй құнының 50 пайызын қалыптастырғаннан кейін ипотека рәсімдеуге өтініш береді.
«Олар 50/50 қағидаты бойынша жылдар бойы жинаған адамдар. Яғни бұл – мемлекеттік бағдарламалардың қатысушылары емес, өз қаражатын салған азаматтар. Олар баласы 18 жасқа толғанда басқа қалаға көшу мәселесі өзекті болатынын алдын ала білді», – деп түсіндірді Ибрагимова.
Бұған дейін банк басшысы 2025 жылдың қорытындысы бойынша Отбасы банктің таза табысы 126 млрд теңгені, ал берілген тұрғын үй несиелерінің жалпы сомасы 1,2 трлн теңгені құрағанын айтты. 2026 жылы банк табысын 150 млрд теңгеден асыруды көздеп отыр.
Сондай-ақ, жеңілдетілген несие бағдарламалары арқылы 2025 жылдың мамыр айынан бері 13 900 отбасы жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, 43 400 отбасына жалдау ақысын субсидиялауға қолдау көрсетілген. Оның жалпы сомасы 30 млрд теңгеге жуық.
Еске салайық, күні кеше «Отбасы банктің» кей қызметкерлері клиенттер мен риелторлардан тұрғын үй кезегін ілгерілету үшін заңсыз сыйақы алғаны туралы ақпарат тарады. Сондай-ақ табыс туралы жалған құжаттар жасаған қызметкер анықталған. Бұл деректер бойынша құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.