27 января 2026 г. 16:42

OrdaMed басшысы ҰҚК айыптауына жауап берді

Фото: instagram/yerkin.dlimbetov

OrdaMed АҚ директоры Еркін Ділімбетов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жалған құжаттар арқылы заңсыз преференциялар алған деген айыптауына пікір білдірді.

Астана, NEGE. Еркін Ділімбетов OrdaMed компаниясы іс жүзінде жеткізілмеген жабдық үшін төлем алмағанын, мемлекеттiк келiсiмшарттар толық көлемде орындалғанын айтады.

«OrdaMed медициналық құрал-жабдықтарды қолдан жасап шығарған жоқ. Біздің компания жеткізген жабдық зауытта шығарылған, тіркелген және Қазақстанның медициналық ұйымдарына нақты жеткізілген», – деп жазды ол желідегі жеке парақшасында.

Оның мәлімдеуінше, мәселе жабдықты қолдан жасау немесе мүлде жоқ өнімді жеткізу төңірегінде емес, өткен жылдардағы локализация мәселелері мен құжатты рәсімдеуге байланысты жекелеген өндірістік және ұйымдастырушылық үдерістердің құқықтық тұрғыдан пайымдауға қатвсты болып отыр.

«Фальсификация дегеніміз – тауарды алмастыруды, оның болмауын немесе жалған имитациясын білдіреді. Біздің жағдайда тауар нақты бар, оны мемлекет те, пациенттер де пайдаланып отыр.

OrdaMed ешқашан "ауаға", жалған жеткізілімдерге немесе мүлде жоқ жабдық үшін ақы алған емес. Мемлекеттік келісімшарттар нақты орындалды, ал сол келісімшарттардың нәтижесі — жұмыс істеп тұрған медициналық аппараттар», – дейді компания басшысы.

Оның пайымдауынша, компания төңірегіндегі дабыра Қазақстан нарығында мықты халықаралық ойыншылардың болғанын қаламайтын бәсекелестер тарапынан ұйымдастырылған болуы мүмкін.

Еске салсақ, бұған дейін ҰҚК Ordamed компаниясы заңсыз преференциялар алу арқылы мемлекетке 4,5 млрд теңге көлемінде залал келтіргенін хабарлаған.

Сот санкциясымен OrdaMed АҚ-ның техникалық директоры, бұрынғы басқарма төрағасы және өндірістік басқарма басшысы қамауға алынды.