24 октября 2024 г. 18:11

Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесінің отырысын өткізді

Фото: Үкімет

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізді.

Алматы, NEGE. Қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың мұнай-газ, мұнай-химия, энергетика, көлік-логистика және тау-кен секторларында жиынтық сомасы 28,8 трлн теңгеге 44 ірі инвестициялық жобаны іске асыру барысы туралы есебі тыңдалды. 23 жоба бойынша ЕРС-келісімшарттар немесе құрылыс-монтаждау жұмыстарына келісімшарттар жасалды, оның ішінде 15 жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Қалғандары іске асырудың түрлі кезеңдерінде.

Мәселен, Алматы ЖЭО-2, ЖЭО-3 үшін газ инфрақұрылымын салу жобасы шеңберінде биылғы қыркүйек айында «Алматы – Байсерке – Талғар» магистралды газ құбырының екінші желісі іске қосылды. «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырын салу жобасы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Батыс Қазақстанның энергожүйесін Қазақстан БЭЖ-мен біріктіру» және «№3 және №4 энергия блоктарын орната отырып, Екібастұз ГРЭС-2 кеңейту» жобалары бойынша ЕРС-келісімшарттарға қол қойылды.

Сонымен қатар Атырау облысында полиэтилен өндіру және Көкшетау қаласында ЖЭО салу саласындағы ауқымды жобалар бойынша жұмыс басталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қуаты жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін мұнай-химия зауытын салу жобасы іске асырылып жатыр және еліміздің терең өңдеуді дамыту жөніндегі саясатына сай келеді. Жалпы құрылыс жұмыстарын бастау 2025 жылдың 1 тоқсанына жоспарланған. ЕРС-мердігер, Tecnicas Reunidas S.A. (Италия) және Sinopec Engineering Incorporated (ҚХР) компанияларының консорциумы ұзақ дайындау циклінің жабдықтарына тапсырыстарды орналастыру бойынша жұмыстар жүргізуде, инженерлік іздестіру жүргізу мақсатында алаңға қазақстандық қосалқы мердігер компания жұмылдырылды. Құрылыс кезеңінде 8 мыңнан астам жұмыс орны құрылады.

Президенттің отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі тапсырмаларын орындауға ерекше көңіл бөлінеді. «Импортты алмастыру бағдарламасы» аясында биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Қор ұйымдары қазақстандық кәсіпорындармен 115 млрд теңгеге жуық сомаға 200-ден астам офтейк-келісімшарт жасасты, бұл өткен жылдың көрсеткіштерінен 8 есе көп. 100 млрд теңге сомасына тағы 23 шарт қаралуда.