Нұрсұлтан Назарбаев сарбаздар қазасына байланысты көңіл айтты
Қазақстанның бұрынғы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Каспийдегі әскери қызметшілердің қазасына байланысты марқұмдардың жақындарына көңіл айтты.
Астана, NEGE. Назарбаевтың сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, ол Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде Қарулы күштердің әскери қызметшілерінің қаза болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдаған.
«Тұңғыш Президент орны толмас қайғыға ортақтасып, марқұмдардың отбасы мен жақындарына көңіл айтты», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, нақтыланған мәлімет бойынша, оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде 17 әскери қызметші теңіз суына батып кеткен. Олардың 12-сі қаза тапты, үшеуі құтқарылды. Тағы екі әскери қызметші әлі іздестіріліп жатыр.
Сарбаздардың қаза болуына байланысты екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің мәлімдеуінше, қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі – ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау және 465-бабы – кеме жүргізу қағидаларын бұзу бойынша тергеліп жатыр.