24 января 2026 г. 9:41

«Нұрай Шерханның үйіне өз еркімен келді»: Жұмысынан қуылған полицей жаңа деректерді ұсынды

Фото: әлеуметтік желіден

Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты істен соң қызметінен босатылған полиция офицері Әбілғазы заңгер Айгүл Орынбекке берген сұхбатында оқиғаға дейін болған жайттар жөнінде өз шындығын айтты.

Алматы, NEGE. Оның айтуынша, Нұрайды алып қашып келген күні Шерханның үйіне шақыртумен барған. Үйге барғанда жігіттің туыстары тойға дайындалып жатқанын көрген.

«Қыз бен жігітті аудандық ішкі істер бөліміне жеткіздім. Сол жерде екеуінен бірге де, бөлек те жауап алдым. Екеуі де Нұрайдың жігіттің үйіне өз еркімен келгенін айтты. Кейін бұл сөзін мен жазып алған видеода да растады», – дейді Әбілғазы.

Видеода Нұрай 2025 жылдың 4 қазанында сағат 21:00-де шамамен үш айдай араласқан жігіті Шерханмен бірге Алматыдан Шымкентке өз қалауымен келгенін айтады.

Әбілғазы бұл бейнежазбаны Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі арқылы жариялауды ұсынғанымен, олар ешқандай түсініктеме берместен бас тартқан.

Әбілғазы ішкі істер органдарында тоғыз жыл қызмет еткен. Қоғамда үлкен резонанс туындағаннан кейін Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен өзі және бірнеше басшы қызметінен босатылған.

Ол өзіне әділетсіздік жасалғанын жеткізді. Сонымен қатар оның жұмыстан шығарылғаны туралы хабарды анасы ауыр қабылдап, кейін қайтыс болған.

Ал 17 қаңтарда Нұрайдың анасы Airan Media-ға берген сұхбатында аталмыш бейнежазба туралы айтқан болатын. Анасының айтуынша, аталған бейнежазба полиция тарапынан көрсетілген қысымның әсерімен түсірілген. Ал Нұрай кең пейілдігі мен аңғал мінезінің салдарынан айтылған уәделерге сеніп қалған.