16 января 2026 г. 15:15

Нұрай Серікбайдың қазасы: ІІМ қызметтік тексеру тағайындады

Фото: Видеодан скриншот

Ішкі істер министрлігі Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың қазасы бойынша қозғалған қылмыстық іске қатысты мәлімдеме жасады.

Астана, NEGE. Ведомство қылмыстық істі тергеу Ішкі істер министрлігі бақылауында екенін хабарлады.

Сондай-ақ «Шымкент қаласы полиция қызметкерлері тарапынан уақтылы шаралар қабылданбауы мүмкін деген» пікірлер мен уәждер бойынша қызметтік тексеру тағайындалғаны мәлім болды.

«Қазіргі уақытта күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. Ең тәжірибелі қызметкерлер қатарынан арнайы тергеу-жедел тобы құрылды», – делінген хабарламада.

ІІМ өкілдері қылмыстық іс аясында жүргізіліп жатқан тергеу әрекеттерінің нәтижелері бойынша күдіктінің барлық әрекетіне құқықтық баға берілетінін атап өткен.

«Тергеу-жедел іс-шаралар кешені жалғасуда, оның барысында барлық түскен мәліметтер, соның ішінде бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар мұқият тексеріліп, талдануда.

Ішкі істер министрлігі кез келген қатыгездік көріністеріне тосқауыл қойып, кінәлі адам тиісті жазасын алуы үшін заңда көзделген барлық шараны қабылдайды», – дейді полицейлер.

Айта кетейік, қанды қылмыс 11 қаңтар күні кешкілік Шымкент қаласындағы Төлеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында жасалған. 21 жастағы Нұрай Серікбай есімді қызды танысы 11 жерінен пышақтап кеткен.

Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. 28 жастағы күдікті 13 қаңтарда Шымкенттен 10 шақырым жерден ұсталып, қамауға алынды.