13 Қаңтар 10:01
...

Шымкентте 21 жастағы қыз пышақ жарақатынан қаза тапты: күдікті қамауға алынды

Видеодан кадр/Шымкент полиция департаменті
Фото: Видеодан кадр/Шымкент полиция департаменті

Шымкентте 11 қаңтар күні 21 жастағы студент қызды пышақтап өлтірді деп күдікке ілінген ер адам ұсталды.

Астана, NEGE. Шымкент қалалық полиция департаментінің мәлімдеуінше, 28 жастағы күдікті қаладан 10 шақырым жерде ұсталып, қамауға алынған. 

«Күдіктіні іздеуге қалалық полиция департаментінің барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Қалаға кіріп-шығатын бағыттарда бақылау күшейтіліп, аумақты тінту жұмыстары жүргізілді.

Күдікті қала шетінен шамамен 10 шақырым жерде, ашық аумақтан анықталып, ұсталды», – делінген полиция хабарламасында.

Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол марқұмның танысы болған.

Полицейлер қылмыстың себептері мен мән-жайы тергеу барысында анықталатынын атап өтті.

Өңірлік басылымның жазуынша, қылмыс 11 қаңтар күні кешке Шымкент қаласында Төлеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысындағы жаяу жүргіншілер өткелінде тіркелген. Бейнебақылау камераларына жазылып қалған жазбадан қыздың қашуға тырысқанын, кейін қарсылық көрсеткені, ал жас жігіттің оны ұрып-соғып, пышақпен бірнеше рет жарақаттағанын көруге болады. Кейін ол оқиға орнынан бой тасалаған.

Басылым келтірген ресми емес мәліметтерге сәйкес, марқұмға 11 рет пышақ жарақаты салынған.

Қаза тапқан Нұрай Серікбай есімді 21 жастағы студент қыз екені анықталды. Ол ата-анасымен бірге қылмыс орнына жақын маңдағы көпқабатты үйлердің бірінде тұрған. Отбасында екі ағасы бар, өзі үйдің кенжесі болған.