Непалдағы жойқын су тасқыны: қазақстандық турист іздестіріліп жатыр
Непал мен Қытай шекарасында болған жойқын су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткен Қазақстан азаматы іздестіріліп жатыр.
Астана, NEGE. Сыртқы істер министрлігінің алдын ала мәліметінше, әйел Непалдан Қытай аумағына өткен туристік топтың құрамында болған. Қазір оның қайда екені белгісіз.
«Хабар-ошарсыз кеткендерді іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстандық дипломаттар жергілікті мемлекеттік органдармен жұмысты жалғастыруда», – деп хабарлады СІМ.
Еске салсақ, 26 тамызда Непалдың Тибетпен шекаралас аумағында сел жүріп, жойқын су тасқыны болды. Жергілікті биліктің хабарлауынша, ел аумағында қаза тапқан 270 адамның денесі табылған, тағы 800-ден астам адам хабар-ошарсыз кеткен.
Непалдың сыртқы істер министрінің мәлімдеуінше, елде кенеттен болған су тасқынына жердің опырылуы себеп болған. Ал оған сәрсенбі күні таңертең, жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 8:37-де тіркелген жер сілкінісі әсер еткен.
Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Непалдағы су тасқынынан зардап шеккен немесе хабар-ошарсыз кеткендер қатарында әзірге Қазақстан азаматтары жоқ екенін мәлімдеген болатын.