Непал мен Қытай шекарасында тағы бір қазақстандық іздестіріліп жатыр

Жойқын су тасқыны болған Непал мен Қытай шекарасы аймағында болуы мүмкін Қазақстанның екі азаматшасын іздестіру жұмыстары жүріп жатыр.

Видеодан кадр/dw.com

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі хабарлады.

«Бұған дейін хабарланғандай, олардың бірі туристік топ құрамында екі ел арасындағы шекарадан өткен. Сыртқы істер министрлігі жергілікті мемлекеттік органдармен арадағы жұмысты жалғастыруда, отандастарымыздың туыстарымен тұрақты байланыс орнатылған», – делінген СІМ хабарламасында.

Еске салсақ, Непалдың Тибетпен шекаралас аумағындағы табиғи апат 26 тамызда болған. Мұнда сел жүріп, жойқын су тасқыны болды. Жергілікті биліктің хабарлауынша, ел аумағында қаза тапқан 270 адамның денесі табылып, тағы мыңға жуық адам хабар-ошарсыз кеткен.

Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Непалдан Қытай аумағына өткен туристік топтың құрамында болған бір жерлесіміз хабар-ошарсыз кеткенін хабарлады.