НЕГЕ негатив? Еуразиялық банктің болашағы бар ма?
Тамыз айында «Moodys» халықаралық агенттігі «Еуразиялық Банк» АҚ кредиттік рейтингіндегі болжамды Тұрақтыдан Негативті деңгейге түсірді. Жартыжылдықтың қорытындысы бойынша банктің қаржылық жағдайы шынымен де нашарлап барады.
Мәселе әлі проблемалық деңгейге жетпеген. Еуразиялық банк мемлекет бекіткен пруденциалды нормаларды орындап отыр. Бірақ, оның акционерлері арасындағы бітпейтін сот процестері, Өзбекстандағы бизнесінің жүрмеуі, болашағының айқындалмауы нарық қатысушыларына да, сарапшыларға да, рейтинг агенттіктеріне де ұнап отырған жоқ.
Биылғы жылдың бірінші жартысында Еуразиялық банктің негізгі қаржылық көрсеткіштері айтарлықтай құлдыраған. Қаржы институтының проценттік және комиссиялық табысы өткен жылдың бірінші жартысымен салыстырғанда 30 пайызға азайып қалды.
Соның салдарынан, жарты жылда Еуразиялық банктің таза табысы небары 30,5 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл былтырғы 51,4 миллиард теңгеден анағұрлым аз. Банктегі активтердің қысқаруы ауыр соққы болып тиді. Қазір банк активтерінің көлемі былтырғы 3,13 триллион теңгеден 2,99 триллионға түсіп қалды. Нәтижесінде, банк акциясының баланстық құны 18 879,3 теңгеден 18 806,96 теңгеге арзандап кетті.
Еуразиялық банктің қорындағы ақша мен оның эквиваленттерінің көлемі триллион теңгеден 650 миллиардқа түсіп қалған. Банктің басты бас ауыртатын мәселесі – мемлекет алдындағы 150 миллиард теңге қарызы. ҚНРДА оны кемінде 2-3 жыл көлемінде толық қайтаруды сұрап отыр.
Банк қазір жыл сайын мемлекеттік қарыздың пайызын ғана, яғни 6 миллиард теңгені төлеп келеді. 8 жыл ішінде Еуразиялық банк мемлекетке сыйақы ретінде 48 миллиард теңге аударған.
Ал кестеге сай, банк негізгі қарызын - 150 миллиард теңгені 2032 жылы бір төлеммен қайтаруы қажет еді.
Енді 2-3 жыл ішінде бұл қарызды қайтаруы тиіс. Банкте үлестірілмеген кіріс көлемі 450 миллиард теңгеден асты. Бірақ бұл тек қағаз жүзіндегі кіріс болуы да мүмкін.
Акционерлерінің бір тарапы - Шодиевтердің банкті тез сатып жібергісі келгені де соған байланысты. Тек екінші акционер Шухрат Ибрагимовтың қарсы позициясы Шодиевтердің проблемадан тезірек құтыламын деген ойын іске асырмады.