Не айтылғаны маған қызық емес – Тоқаев экс-президенттің Мәскеуге сапары туралы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Turkistan газетіне берген сұхбатында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесуі туралы пікір білдірді.
Астана, NEGE. Президенттің айтуынша, Санкт-Петербургте өткен кездесулердің бірінде Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты оның жеке өтініші бойынша қабылдайтынын айтқан.
«Тұрақты түрде өткізіліп жүрген кездесулер бейресми сипатқа ие. Мұны Ресей президентінің өзі де атап өтеді. Таяуда өткен Санкт-Петербургтегі басқосуда Владимир Путин маған Нұрсұлтан Назарбаевты оның өтініп сұрауы бойынша қабылдайтынын айтқан еді.
Ресей президентінің ерекшелігі: ол достарымен және әріптестерімен жылы қарым-қатынас құра біледі. Жұмысы өте қарбалас болса да, сенбі күні Қазақстанның тұңғыш президентімен асықпай әңгімелесуге уақытын бөлді. Ол Нұрсұлтан Назарбаевты Еуразиядағы ықпалдастық үдерісінің бастауында тұрған тәжірибелі саясаткер ретінде бағалайды. Ресей бұл үдерісте жетекші рөл атқарып отыр. Кремльдегі кездесу Владимир Путиннің адамгершілігі жоғары екенін көрсетеді», – деді Тоқаев.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай әңгімелер барысында не айтылғаны өзіне қызық емес екенін және бұл туралы ешқашан сұрақ қоймайтынын нақтылады.
Сұхбат соңында Президент Нұрсұлтан Назарбаевты қазіргі қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған тұлға деп санайтынын тағы да атап өтті.
Жаңа жыл қарсаңында Кремльде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуі қоғамда түрлі пікір туғызды. Кремльге қарасты ақпарат құралдары бұл басқосу туралы кеңінен мәлімет таратқан.