​Назарбаевтың кезінде тарихшылар тоғыз ай жалақысыз отырған – Жақсылық Сәбитов

​Осыдан он жыл бұрын Назарбаев Университетіндегі бір профессордың жалақысы Тарих және этнология институтының барлық қызметкеріне төленетін жалпы еңбекақымен шамалас болған. ​Тарихшы Жақсылық Сәбитов NEGE редакциясының Decaf. жобасына берген сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсындағы тарих ғылымының жай-күйі туралы айтты.

Жақсылық Сәбитов/Decaf

Астана, NEGE. Оның сөзінше, 2016 жылы институт қызметкерлері тоғыз айдың жалақысын 30 немесе 31 желтоқсанда ғана алған.

«Осыдан он жыл бұрын Назарбаев Университетінің бір профессоры шамамен бүкіл Тарих және этнология институты алатын жалақыға тең еңбекақы алды. Мұндай қаржыландырумен тарих ғылымында жақсы нәтиже болуы мүмкін емес еді», – деді Сәбитов.

2010 жылдары Қазақстанның академиялық тарихын жазуға кемінде үш рет талпыныс жасалғанымен, олардың ешқайсысы кітап болып шықпаған. Тарихшының айтуынша, ол кезде ғылыммен негізінен осы саланы шын сүйетін энтузиастар айналысты. Өйткені бұл жұмыс лайықты табыс әкелмеді.

Ғылымды дамыту жұмыстары 2019 жылдан кейін ғана басталған. Сәбитовтың пікірінше, қазір ғылыми мектепті қайта қалыптастырып, жаңа мамандар даярлау қажет. Ал білікті тарихшының қалыптасуына кемінде он жыл керек.

Маман тапшылығы мен ауқымды зерттеулердің аздығына байланысты Қазақстан тарихының жаңа академиялық жетітомдығын жазуға шетелдік зерттеушілер де шақырылған. Әсіресе елімізде Алтын Орда хандарының өмірін терең зерттеген ғалымдар аз, дейді Сәбитов. Бату, Берке, Тоқтамыс, Өзбек хан, Барақ хан және Орыс хан туралы жеке диссертация немесе монография жазған қазақстандық мамандар жоқтың қасы.

«Егер Алтын Ордаға арналған томды тек Қазақстан азаматтары жазғанда, оның деңгейі төменірек болар еді. Бұл – объективті шындық», – деді тарихшы.

Сәбитов академиялық еңбектің авторларын азаматтығына қарап таңдауды дұрыс санамайды. Оның пікірінше, автордың қай елдің азаматы екенінен гөрі кәсіби білімі маңызды.

«Академиялық еңбек жоғары деңгейде жазылуы керек. Автордың қандай паспорты бары маңызды емес. Егер ол кәсіби маман болса, өз адамдарын жақтамай, жұмысын кәсіби түрде атқарады», – деді ол.

Тарихшы Ресей мен татар ғалымдарының Алтын Орда туралы көпжылдық зерттеулері жетітомдықтың сапасын арттырып қана қоймай, Қазақстанның уақыт пен қаржысын да үнемдегенін айтты.

«Кейде Ресей мен татар ғалымдарының зерттеулері Қазақстанның қыруар бюджет қаржысын үнемдеді деп әзілдеймін. Біз олардың көпжылдық еңбегінің нәтижесін ақысыз пайдалана аламыз. Егер бәрін басынан өзіміз зерттегенде, оған өте көп қаражат жұмсалар еді», – деді Сәбитов.

Тарихшы Жақсылық Сәбитов қатысқан шығарылымның толық нұсқасын YouTube-арнамыздан тамашалауға болады.