NAVAI мінген көліктен есірткі табылды

NAVAI лақап атымен танымал әнші Қазақстанға есірткі алып өтпек болды деген күдікпен шекарада ұсталды. Оның 14 қазанда Астанада өтуі тиіс концерті кейінге қалдырылды.

@navaib/Instagram

Астана, NEGE. Жамбыл облысы полиция департаментінің мәліметінше, 13 қазанда полиция мен ҰҚК Шекара қызметінің мамандары әншіні Қазақстанға автокөлікпен кіріп келе жатқан жерінен «Қордай» шекара бекетінде ұстаған.

Көлікті тексеру кезінде есірткі табылып, тәркіленді. Оның қандай есірткі екені және қанша мөлшерде табылғаны әзірге айтылған жоқ.

Әншіге есірткі контрабандасына оқталды деген күдік тағылып, қылмыстық іс қозғалды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір тергеу жүріп жатыр.

NAVAI 14 қазанда Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында концерт беруі тиіс еді. Алайда ұйымдастырушылар концерттің болмайтынын хабарлады.