Министрлік: Fokker-100 ұшақтарының ұшуы тоқтатылды
Бүгін таңғы сағат 07:22-де Алматы-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша Бэк эйр әуе компаниясының Fokker 100 ұшағының №Z2100 рейсі ұшып көтерілу кезінде биіктіктен айрылып, Алматы облысы аумағындағы Гүлдала елді мекеніне құлаған.
Алматы, NEGE. Ұшақта шамамен 95-98 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Апат болған жерге жедел жәрдемнің 40 бригадасы жетті. Алдын ала мәліметтер бойынша, 9 адам қаза тапса, 12 адам (4 бала) №4 ауруханаға жеткізілді.
Премьер-министрдің орынбасары бастаған Үкіметтік комиссия құрылды. Комиссия құрамында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері бар.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз хатшысы Мадияр Уақпаевтың айтуынша, министр Бейбіт Атамқұлов апат болған жерге ұшып кетті.
«Оқиғаның мән-жайы анықталғанға дейін Бек Эйр әуе компаниясы ұшақтарының ұшуы уақытша тоқтатылды. Себебі, әуе компаниясының паркі Fokker-100 ұшақтарынан тұрады. Әзірге қолға алған шара осы», – деді баспасөз хатшысы.