«Мың доллардың футболкасын кім алады?»: Миллионер Арсен Томский Esentai Mall-дағы бағаға таңғалды

InDrive компаниясының негізін қалаушы әрі басшысы Арсен Томский Алматыдағы премиум санаттағы сауда орталығындағы бағаларға таңғалғанын айтты. 

instagram.com/arsentomsky

Астана, NEGE. Алматыға маусым айының басынан бері алғаш рет келген кәсіпкер Арсен Томский киім-кешек сатып алу үшін Esentai Mall сауда орталығына барған.

«Жақын маңдағы сауда орталығы – Esentai Mall-ға бардым. Білмейтіндерге айта кетейін, бұл – премиум санаттағы сауда орталығы. Өзім де, былайша айтқанда, кедей емеспін. Бірақ бағасы 1000 доллар тұратын футболкаларды кім алады? Ең бастысы, не үшін?», – деп жазды ол желіде.

Айта кетейік, Арсен Томский Қазақстанның 75 ең бай бизнесменінің тізімінде 12-орында тұр. Forbes Kazakhstan басылымы кәсіпкердің байлығын 865 миллион долларға бағалаған. Оның дәулетінің негізгі көзі IT бизнесіне тиесілі екені айтылады.

Жақында ол қазақстандық Камила Лұқпановаға үйленді. Лұқпанова бұған дейін Almaty Tourism Bureau ұйымын басқарған. Олардың үйлену тойы 15 тамызда Ыстанбұлда өтті. Тойға Қазақстанның банк және бизнес саласының өкілдері қатысты.