«Мен – блогер депутатпын» – Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев
«Декретке миллионмен». Ақтөбеде екі есепші жұмыс істемейтін ондаған әйелді кәсіпкер ретінде тіркеп, жалған құжат жасап, үкіметтен әлеуметтік төлем алдырғаны үшін 6 жылға сотталды. Оларға «мемлекетке 98 млн залал келтірді» деген айып тағылды. Бұған әу баста Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев негізін қалаған «Декретке миллионмен» курсының қатысы бар ма?
NEGE тілшісі депутатқа хабарласып, мән-жайды өзінен сұрады.
«Парламентте майшам ұстап жүрген адамды көргем жоқ»
– Дәулет, көптен бері «Декретке миллионмен» атты курсыңыз сөз болуда. Көпшіліктің жалған схемаларға ұрынуына себеп болған курс жайында Парламент қабырғасында да талқыға түсіп, «мәселеңіз майшаммен қаралайын деп жатыр» дейді дереккөз. Бұған не дейсіз?
– Бұл жерде әңгіме менің мәселем емес, жалпы аяғы ауыр әйелдердің декретке шығу мәселесі туралы шығар. Жеке өзіме қатысты мәселе жоқ. Менің артыма майшаммен түскен немесе Парламентте майшам ұстап жүрген адамды көргем жоқ. Бұл сұрағыңыз миыма сыймайды.
Екіншіден, бұл сауалыңыз Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қойылуы тиіс. Солар тексеріп, есебін беруі керек.
– Дегенмен, «Декретке миллионмен» курсын сатып алған ондаған әйелдің алаяқтық әрекетке барғаны әшкере болды. Тіпті, соларға құжат рәсімдеген екі есепшіге қатысты сот үкімі шығып, мемлекетке 98 млн теңге шығын келтіргені анықталды. Қалай ойлайсыз, бұған сіздің курсыңыз түрткі болған жоқ па? Себебі, олар сізге халық қалаулысы ретінде сенген соң курсыңызды алғанын айтқан...
– Мен сабақта «Алаяқтыққа бармаңдар! Заң алдында жауап бересіңдер. Өтірік ИП (ЖК) ашпаңдар. 2018, 2020 жылдың сабағында да, одан кейін де айналып келгенде бір нәрсені айтып жүрмін.
Өзіңіз білесіз, бізде заңды айналып өтіп, «шаш ал десе, бас алатындар» көп. Кәдімгі пышақты алайықшы. Пышақты пайдалы жағына жаратып, нан турауға болады немесе пышақпен мал бауыздап, құрбандық шала аласың. Екіншіден, дәл сол пышақпен адам өлтіріп, қылмыс жасайтын адамдар бар. Мәселе – оны қалай пайдалануда.
Иә, мен қуанамын. Аудиториям үлкен. Мен – депутатпын. Егер депутат болмасам, мұндай сұхбаттар да шықпайтын еді. Үлкен аудитория үшін көлеңкеде қалып қоятын едім. Бірақ мені қаралап, «декретке шығатын әйелдерді алдауға, арбауға үйретті» дегендердің біреуі де менің сабағыма қатыспаған. Ал сабағымды алғандар менің не айтқанымды біледі.
Өткенде 2 сағаттық бейнесабақты қайта қарап шықтым. Сонда «Өтірік ИП ашпаңдар» деп жеті рет айтыппын. «Алаяқтыққа бармаңдар. Егер барсаңдар, заң алдында жауап бересіңдер!» деп ескерттік. «Бірдеңе сатып, қосымша табыс тауып жүрсің бе? Оны заңдастырыңдар» деймін.
Мәселен, кәсібін заңдастырып, торт пісіріп, пиццерия ашқан кәсіпкерлер өте көп. Тігін саласында ақша тауып жүргендер де баршылық. Неге осындай жақсы жағын айтпаймыз? Соның ішінде кәсіп саласына келіп, ісін дөңгелетіп отырған әйелдерді неге көрсетпейміз? Жоқ, біз он алаяқтың кесірінен бүкіл дүниені қаралап шығамыз. Заңды айналып өткісі келетін 10 алаяқ барлық жерде бар. Бұл тек декреттің айналасында ғана емес, «үйдің кезегіне тұрғызып берем», «арзан кәсіп ашуға несие алып берем» дейтін алаяқтар да көп. Тіпті, ҰБТ кезінде де «жоғары балл жинап берем», «магистратура, докторантураға түсіріп берем» дейтін де алаяқтар бар. Міне, ондайлар заңсыз әрекетінің қайтарымын көреді.
– Соңғы кезде «Декретке миллионмен» курсына қатысты әңгіме өрбісе «Мұнымен мен емес, басқа жігіттер айналысады» деп бәйек боласыз. Алайда, депутат болғанға дейін «Dauletten» қорын ашып, курстарды сатумен тікелей өзіңіз айналыстыңыз емес пе?
– Бәйек болған емеспін. Мен курстарымды депутаттыққа дейін өзім саттым, өзім жүргіздім. Депутат болғаннан кейін командадағы жігіттерге табыстадым. Сіз айтқан «бәйек болдыңыз» деген сөзбен келісе алмаймын. Депутат болған соң маған тікелей курс сабағын сатуға болмайды ғой. Лекция деп те сатуға болар еді. Бірақ оған басымды ауыртқан жоқпын.
Демек, депутат болғалы менің сабақтарым ешқандай сатылымда емес. Ізденген адамға қаржылық сауат бағытындағы бұрын өткізген сабақтарым Youtube желісінде тегін тұр. Қалай депутат болдым, «Баспанаға бағыт» деген жобамды «Өзің өткіз, табыс тап, елге үйрет» деп Ұлан деген жігітке бердім. Сол секілді «Декретке миллионмен» сабағын 2023 жылдың наурызынан бастап Нұрсұлтан деген жігіт өткізеді. Өзі сатады, оқытады. Сабақта отырып алып елді алдауға, алаяқтықтың формуласын үйретіп жатсақ, бір жөн.
Ол жердегі формула не? Egov сайтына кірсеңіз, декретке шығудың төлем формуласы туралы ресми мәлімет бар. Біздің сабақтар тура сол формуланың бәрін қарапайым тілде түсіндіріп, көрсетіп береді. «Сабаққа қатыссаң, 1 млн теңге аласың» деген әңгіме жоқ. Мүмкін, менің бір артықшылығым, тіпті өзіме сор болып отырған нәрсе – банктің тілінде емес, қарапайым халықтың тілінде түсіндіргенімде шығар. Бірақ соның өзін түсінбей, даурығып жатқандар жетеді. Менің сабағыма қатысқан азаматтардың барлығы адалдыққа шақыратынымызды растайды. Тіпті, «Балаға тәрбиені іште, яғни құрсақта жатқаннан бастап беру керек. Сіз өтірік әрекет етіп, үкіметті алдағыңыз келеді. Содан кейін тәрбиелі, отаншыл бала дүниеге келе ме?» деп, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сөзімен мысал келтіргенім де бар. Түсінген адам түсінеді, түсінбеген адам өзі біледі. Сөйте тұра, «Сенің аудиторияң көп. Сен депутатсың...» деп айналып кеп депутатқа күйе жағады.
– Бірақ жобаның негізін қалаушы ретінде үлесіңізді алатын шығарсыз?
– 2028 жылға дейін ештеңе алмаймын. Мен тек кітабымның гонорарын аламын.
– Яғни, осы деректен кейін де «ешқашан заң бұзуға шақырмадым» деген пікіріңізде қала бересіз бе, әлде... Депутат ретінде жауапкершілікті қалай сезінесіз?
– Иә, ешкімді заң бұзуға үгіттеген жоқпын. Мен бар нәрсені ғана түсіндірдім. Бағыт-бағдарын қарапайым тілде жеткіздім. Ал түпкі жауапкершілік – сабақ алған әр адамның өзінде. Әлгінде пышақты қалай пайдалану мысалындағы сияқты ғой. Тура сол секілді «Декретке миллионмен» сабағын қалай пайдаланасың, солай болады. Заңды айналып, 30-40 жеке кәсіпкерлік (ИП) тіркеп алып, делдал болып отырғандар бар. «Жиырма жерде жұмыс істеймін» дейді. Менің сабағымда «20-30 жерде жұмыс істе» деп айтылды ма? Жоқ. «Бір ғана жұмысыңыз болса, ИП ашыңыз. Жұмысыңыз, кәсібіңіз жоқ болса, бұл сабақ сізге қатысты емес» деп талай ескерту берілген.
«Депутат болсам да, блогерлікпен айналысып жүрмін»
– Енді басқа тақырыпқа ойыссақ. Бірде әлеуметтік желіге видео салып, онда жатын бөлмеңіздегі шкафтың сөрелерінде жинаулы киімдерді (іш киім, шұлық) көрсетіп едіңіз. Сол кезде сынаған көпшілік «Нәскиі мен түрсиінен басқа мақтанатын нәрсесі болмаса, енді қайтеді?», «Ұят-ай, мұны депутат деп кім айтады?» десті. Қалай ойлайсыз, осы депутатқа жарасатын қылық па, әлде блогер екеніңіз еске түсіп кете ме?
– «Сол кезде сынаған көпшілік» дегенде, бір журналист сынаған шығар. Содан кейін тарап кетеді ғой. Өзі мені біреу сынап, суретімді қойып, мен туралы бір нәрсе жазса, бұл жазба лайк пен комментарий көп жинайды. Білмеймін, әйтеуір рейтинг көп алып келеді. Бұл да жаңа айтқанымдай, бір жағынан – бағым, екінші жағынан – сорым. Оған да шүкір етіп, көне білу керек-ау.
Егер өзіңіз сол «стористі» қарасаңыз, мұндай сұрақ қоймас едіңіз. Ол кезде Инстаграмға бірнеше «сторис» салынды. Әңгіме ұқыптылық, тазалық, жинақылық жөнінде басталған. Бірінші «стористе» баламның киімін қалай реттейтінін көрсеттім. Одан кейін екіншісінде – бір інімнің қалай иқы-жиқы жүретінін, үшіншісінде – Жапонияның кайдзен жүйесін түсіндірем де, қарапайым шкафтың өзінде әр нәрсе өз орнымен тұру керектігін айтамын. Өзімнің костюмдерім қалай ілінгенін көрсеттім.
Яғни, бұл ұқыптылық туралы көрсетілген бірнеше бағыттағы «сторис» еді. Соның біреуінде шкафтың үш сөресін түсіріп, жоғары жақта үстімізге киетін киімдер тұратынын, ортасында белортаға киетін, яғни ішкиім, одан төменде аяққа киетін шұлықтар барын айтқанмын. Сонда бұл сіздің миыңызға да ыңғайлы болады. Уақытыңызды үнемдейді. Мұны жапон тілімен айтқанда «кайдзен» дейді. Міне, соны салып ем, бәле қуған хейтерлер менің ішкиімімді, шұлығымды көреді. Кім не іздейді, соны көреді.
Бірақ менің аудиториямның 90 пайызы не көрді? Олар ұқыптылықты көрді. Қаншама ата-ана: «Баламды осылай тәрбиелеймін. Сіздің киім жинауыңыз, ұқыптылығыңыз балаға үйрететін нәрсе екен» деп жазды. Дәл сол ішкиім тұрған сөреге келгенде өзім де «Мұнда ішкиім тұрады. Бірақ оны толық ашпай-ақ қояйын» деп келесі сөреге өтіп кеттім ғой. Жоқ, соны ұстап алады да, бүкіл жаңалықтарға «Депутат ішкиімін көрсетті» деп шығарады. Шамалы болса да, мән-мағынасына үңілу керек қой.
– Жалпы, сіз депутаттықтан бұрын телеарнада жұмыс істеп, блогер ретінде танымал болдыңыз. Өзіңіздің болмысыңызға қайсысы жақын екен?
– Депутат болсам да, блогерлікпен айналысып жүрмін. Блогер – арнайы маман иесі емес. Блогер – кез келген әлеуметтік желіде блог жүргізеді. Қазір мұғалім де, ұшқыш та, жолсерік те, сол сияқты депутат та блог жүргізіп жүр. Бұл біздің өміріміздің бөлшегіне айналды. Жеке өмірің туралы ақпаратты бөлісесің, оқырманыңмен тілдесесің, ұрсатын жерде ұрсып, күлетін жерде күліп аласың. Ақыл айтатын жерде ақыл айтасың дегендей. Әркімнің аудиториясына байланысты ғой. Сондықтан депутат болғаннан кейін блогерлікті тастап кетсем, басқаша әңгіме айтар едім. Бірақ қатар алып келемін.
– 2015 жылдан бері 3600 баланың тұсауын кесіпсіз. Ал «оптом» тұсау кесуші ретінде бір айда 50 баланың тұсауын кеседі екенсіз. Тіпті, «әйгілі» тұсаукесуші ретінде 38 жастағы әйелдің де тұсауын кескеніңіз де әңгіме болды. Сіз үшін тұсау кесу – табыс көзі емес пе?
– Иә, 3600 баланың тұсауын кестім. Ең бастысы – тегін. Басқа өнер жұлдыздары сияқты 100, 500 доллар деп «ставка» қоятын адам емеспін. «Баланың ақ жолын «көк қағазбен» өлшеп, былғамау керек» деп кезінде айтқанмын. Бұл ұстазым – Дана Нұржігіттің де сөзі.
Балаға тілек айтып, тұсауын кесу – әрі кетсе бес минуттық шаруа. Бірақ 3600 баланың тұсауын тегін кессем де, бірде-бір ақпарат құралы «Дәулет қазақтың салт-дәстүрін жаңғыртып, тұсау кесіп жатыр» деген дүниені айтпайды, жарияламайды. Ал 38 жастағы әйелдің тұсауын кесіп ем, бүкіл сайттар жарыса жазып, тіпті республикалық арнаның жаңалықтар қызметінен көрсетеді. Мұны қалай еді, «Қара пиар да – пиар» дегенге келтіруге бола ма?
Сондықтан тұсау кескенім үшін ақша алмаймын. Енді алғысын айтып кәмпит беріп, шапан жауып жатады. Жақындарым біледі ғой, оның бәрін таныстарыма, кейде оқырмандарыма таратып беремін. Менің мұндағы мақсатым – табыс табу емес. Ата-ананың арман-тілегін орындау ғана. «Ұлым болса, сізге тұсауын кестіремін», тіпті «Күйеуге тиіп, ұлды болсам, тұсауын өзіңіз кесесіз» деген арманға толы толассыз хат келеді. Керісінше, мұны ұлттық салт-дәстүріміз, ұлттық құндылығымыз деп дәріптеу керек. Мұнда «Ала жіпті аттамасын, адал болсын» деген тәрбие негізі жатыр. Бұл жерде қаншама бата-тілек айтылады. Бірақ біз мұны айтпаймыз, айналып келіп қаралауға құмармыз.
– NEGE порталы «Депутаттар портреті» айдарында сіздің де портретіңізді жасаған еді. Портретіңіз қаншалықты ашылыпты? «Бір жері ұнамады» деген едіңіз. Ол қай жері?
– Зейнеп Ахметова апамыздан кешірім сұрағым келеді. Бұл мына жағдай еді: «Ел арна» телеарнасындағы шоу форматындағы бағдарламаға қатыстым. Бірақ маған берілген тапсырма Бауыржан Момышұлы туралы емес еді. Бұл басқа өнер иесіне түсті. Сол кезде «Бұл дұрыс емес, ауыстырыңыздар» деп едім, «Бізде басқа реквизит жоқ. Осымен ойнай береміз», – деді бағдарлама ұйымдастырушылары. Әрине, бұл сөздің бәрі экраннан көрсетілмеді. Білесіз, тікелей эфир болмаған соң монтаж деген бар. Сөйтіп, Бауыржан Момышұлы макетіне әйел адам тұрып қалады.
- Тақырыпқа орай: Депутаттар портреті. Дәулет Мұқаев. «Тазша бала»
Кейін Инстаграм, Тик-токқа басқаша монтаждалған нұсқасы таралып, Бауыржан Момышұлы атамыздың макет-суретінен басын шығарып тұрған өнер иесіне қарқылдап күліп тұрғанымды қойған. Бірақ бағдарламаның түпнұсқасында мүлдем күліп тұрған жоқпын. Керісінше, «Ертең бұл қалай шығар екен?» деген ойда тұрдым. Басқа ойындағы күлген сәтімді кесіп алып, Момышұлының макетіне күліп тұрғандай етіп жасағаны дұрыс емес. Кейде қазаққа сырттан жау керек емес сияқты. Өкінішке қарай, бірін-бірі қаралап, бетін тырнап жатады.
Тағы да таяқтың бір ұшы маған тиді. Зейнеп Ахметова апамыз бір сұхбатында қатты айтыпты. Ол кісіні де түсінемін. Бірақ сол эфирде мұның дұрыс еместігін айтып, «Ертең үлкен сынның астында қаласыздар» дегенде, телеарна солай жіберді.
– Айтпақшы, әріптесіңіз Ардақ Назаровтың Парламент мінберінен анасын құттықтағанын әркім әр түрлі қабылдады. Ал сіз мұны қалай түсіндіңіз?
– Біріншіден, бізге әріптестеріміздің әрекетіне пікір айту қисынсыз. Сондықтан ағылшынша айтқанда, no comment. Жалпы, ана деген тақырып жүрегіме ауыр тиеді. Себебі, былтыр анам өмірден өтті. Жатқан жері жайлы болсын деймін.