Мәжіліс депутаты экс-президенттің шетелге шығуына қатысты мәселе көтерді
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей президенті Владимир Путинмен кездескенінен кейін оның шетелге шығу құқығын шектеу мәселесін көтерді.
Астана, NEGE. Депутаттың айтуынша, мемлекеттік құпияны білетін адамдардың, соның ішінде бұрынғы президенттің де, елден тыс жерге шығуына қатысты заң керек. Оның сөзінше, бұл бастама Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қорғауға бағытталған.
«Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік құпияны білетін тұлғаның (экс-президент болсын, министр немесе басқа да лауазым иесі болсын) шет елге шығу мүмкіндігін реттейтін заң қажет шығар», – деп жазды Ермұрат Бапи өзінің Facebook парақшасында.
Сондай-ақ депутат мемлекеттік құпияны білетін адамдарға алдын ала шекаралық бақылау қою мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
«Бұған және Қожамжаров сияқты басқаларға елдің қауіпсіздік қамына орай күнібұрын шекаралық "қызыл жалауша" қоюға болмай ма? Бұл қабылдаудың саяси мазмұнын Кремль қалай қабылдайтынын қайдам, ал экс-президенттің ішіндегі "қызыл иті" елдің мемлекеттік билігі мен Қазақстан халқына сес көрсетуі деп түсінеміз бе?» – деді Ермұрат Бапи.
Еске сала кетейік, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Кремльде қабылдады. Кездесу барысында қандай мәселелер талқыланғаны ресми түрде хабарланған жоқ. Бұл олардың жыл басынан бергі екінші кездесуі.