Алматы облысында мәйітін өртеп жіберген полицей өліміне қатысты істі тергеу аяқталды
Алматы облысының Кеген ауданында күйік шалған денесі табылған бұрынғы полиция қызметкері, 37 жастағы Аслан Әлсеровтің қазасына қатысты істі тергеп-тексеру аяқталғаны мәлім болды.
Астана, NEGE. Ішкі істер министрлігінің NEGE-ге хабарлауынша, бұл факт бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігімен (Адам өлтіру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген. Тергеуді Алматы полициясы жүргізген.
«2026 жылғы 29 қыркүйекте сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды және қылмыстық іс Қылмыстық-процестік кодекстің 300-бабы тәртібімен прокуратураға жіберілді», – делінген ІІМ-нің редакция жолдаған ресми сауалға берген жауабында.
Ведомство өкілдері сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейтінін алға тартып, осы ақпаратпен ғана шектелген.
Еске салсақ, биыл 23 маусымда Кеген ауданы аумағындағы таудан өртеніп кеткен полицейдің мәйіті табылды. Мәйітті Көкпек – Көктал – Кеген тасжолынан шамамен 400 метр жерден мал қарап жүрген шопан тауып, полицияға хабар берген. Кейін марқұмның полиция қызметкері болғаны, Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасының аға жедел уәкілі қызметін атқарғаны анықталды. Артынша полицейдің өліміне күдікті ретінде оның жұбайы – бұрын полиция бөлімінде жұмыс істеген Арайлым Әлсерова мен екі кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды деген ақпарат тарады.
Бұған дейін адвокат Гаухар Сарыева әріптесі Динара Шәмшековамен бірге қайғылы жайтқа қатысты күдікті деп танылған кәмелетке толмаған екі жасөспірімнің құқығын қорғайтынын хабарлаған еді. Қорғаушының мәлімдеуінше, полицейдің қазасы бойынша күдікке ілінген екі жасөспірім үйқамаққа алынды.