Майқайың кенішіндегі апат: Кінәлілердің алғашқыларына үкім шығарылды

Баянауыл аудандық соты Павлодар облыстық өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің бұрынғы қос қызметкеріне жаза тағайындады.

ТЖМ

Алматы, NEGE. Олардың бірі департаменттің мемлекеттік қадағалау бөлімінің басшысы, екіншісі бөлімнің бас маманы болып қызмет еткен. Лауазым иелері 2016 жылы «Майқайыңалтын» кәсіпорнының жерасты шахтасын тексеру барысында жіберілген салғырттық үшін жауапты деп танылған.

Аталған уақытта шахта ішіндегі бетон қоспасын төсеу ережелерінің бұзылғаны анықталғанымен, тиісті шаралар қабылданбаған. Кейін олар бетонның шын мәнінде құйылғанын тексерместен қажетті құжаттарға қол қоя салған. Бұл немқұрайлылық 2024 жылы қайғылы оқиғаға алып келген.

«Сот мемлекеттік қадағалау бөлімінің бұрынғы басшысын ҚР Қылмыстық кодексінің 371-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, үш жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Ал бас маманның бас бостандығы 2 жылға шектелді. Сондай-ақ бөлім басшысы болған азамат мемлекеттік қызметте және қаржылық ұйымдарда еңбек ету құқығынан өмір бойына айрылды. Екінші айыпталушыға өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы қадағалау және бақылау қызметіне байланысты лауазымдарды үш жыл бойына атқаруға тыйым салынды», – деп хабарлады Баянауыл аудандық сотының судьясы Теңлік Қадырбекова.

Атап өтерлігі, қос азамат Майқайыңдағы апатқа дейін департаменттегі жұмыстан шығып кеткен.

Қазір оқып жатыр

Жанбыршин өзін әлеуметтік желіде сынағандарды Жаңаөзенге шақырды

Айды зерттеу – Қазақстан ғылымының жаңа бағыты

Астанада көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, 3 бала қаза тапты

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Пасха мерекесімен құттықтады