Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Ресейде сырттай қамауға алынды

Мәскеу соты Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Азамат Қапенов пен оның інісі Медер Қапеновті сырттай қамауға алып, халықаралық іздеу жариялады.

instagram.com/akapenov

Астана, NEGE. Ағайынды Қапеновтер «ПТД» ЖШС-нің 25 пайыз үлесін заңсыз иемденді деп айыпталуда.

Тергеу мәліметінше, олар кәсіпкер Анатолий Балушкинді корпоративтік және қаржылық дауларды реттеуге көмектесеміз деп сендіріп, компаниядағы үлесті 2021 жылғы мамырда Медер Қапеновтің атына рәсімдеткен. Осыдан кейін олар Балушкинмен байланысын үзген, кәсіпкер Ресейдің құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүр болған.

Іс бойынша келтірілген шығын көлемі шамамен 52 млн рубльге бағаланған.

Азамат пен Медер Қапеновтер ұсталған жағдайда бірден қамауға алынады.

Анатолий Балушкин – «Азия Авто – БИПЭК» компаниялар тобының негізін қалаушы. Қазақстанда Балушкин мен оның бұрынғы серіктесі Ерік Сағымбаев алаяқтық жасау және ұйымдасқан қылмыстық топпен салық төлеуден жалтару баптары бойынша сырттай сотталды. Балушкин 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған қоса, 10 жыл бойы коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды. Сағымбаев 8 жыл 6 айға сотталды. Оған да он жыл бойы бизнесте басшылық лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.

Ал Азамат Қапенов қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды және ақша жымқырды деген күдікке ілінген. Тергеу материалдарына сәйкес, ол қызметтік жағдайын пайдалана отырып, жүк вагондарын басқару қызметтерін көрсету кезінде үлестес компанияларға заңсыз басымдық берген. Салдарынан «ҚазТемірТранс» АҚ-ға 5,2 млрд теңгеден астам залал келтірілген. Қапеновке халықаралық іздеу жарияланды. Сот оған қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.