Мәскеу облысында Wildberries-тің ірі қоймасы өртке оранды

16 тамызда Мәскеу облысының Подольск қалалық округіндегі Коледино ауылында Wildberries-тің ең ірі қоймаларының бірі дрон шабуылынан кейін өртке оранды.

limon.kz

Астана, NEGE. Бұл жолы зардап шеккендер жоқ. Өрт ғимаратты толық шарпығанға дейін барлық қызметкер эвакуацияланған. Құтқару жұмыстарына 14 автоцистерна мен 56 маман жұмылдырылған.

Ашық дереккөздердің мәліметінше, бұл – ресейлік маркетплейстің ең ірі тарату орталығы. Оның аумағы 200 мың шаршы метрден асады, ал кейбір деректерде 250 мың шаршы метрге дейін жететіні айтылады. Компания күн сайын миллиондаған тапсырысты өңдейді, ал тауар айналымының едәуір бөлігі дәл осы қойма арқылы өтеді.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, қойма аумағынан шыққан қою түтін ондаған шақырым жердегі елді мекендерге дейін көрініп тұрған.

«Нысанда қауіпсіздік талаптарына сәйкес алдын ала эвакуация жүргізілді. Логистикалық маршруттар қайта реттеліп, тауарларды қабылдау және тапсырыстарды жөнелту басқа нысандарда іске асырылып жатыр», – деп мәлімдеді маркетплейс өкілдері Telegram-дағы ресми арнасында.

Дегенмен компания өкілдері өрт салдарынан болған шығын көлемі туралы ақпарат жариялаған жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін де маркетплейстің Электросталь, Котовск, Краснодар және басқа қалалардағы нысандары өртенген болатын. Соның салдарынан Wildberries иесі Татьяна Ким ғана емес, онлайн-платформамен жұмыс істейтін жергілікті кәсіпкерлер де орасан зор шығынға ұшырады.

Wildberries дерегінше, маркетплейсте Қазақстаннан 120 мыңнан астам кәсіпкер тіркелген. Ал олардың экспорт көлемі бір жыл ішінде 62 пайызға өскен. Платформаны ай сайын 80 миллионнан астам адам пайдаланады. Компания қазақстандықтарды маркетплейстің ең белсенді пайдаланушыларының қатарына жатқызады. 

Тамыздың басында Wildberries компаниясы Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен кездесуде маркетплейстің Ресейдегі логистикалық нысандарына жасалған шабуылдардан зардап шеккен қазақстандық сатушыларды қолдау мәселесі талқыланды.

Компания өкілдерінің айтуынша, өтемақы төлеу расталған деректер негізінде кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Алғашқы кезеңде 88 мыңнан астам сатушы қолдау төлемдерін алды. Оның ішінде тауар қоры аз кәсіпкерлер де бар. Сонымен қатар компания сақтау, логистика қызметтеріне жеңілдетілген тарифтер ұсынып, жеңілдіктерді субсидиялау бағдарламасын іске қосқан. Өтемақының екінші кезеңі 97 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілін қамтыды.