USD
USD
USD

Wildberries қоймаларындағы өрт қазақстандықтарға қалай әсер етеді

Ресейдегі компания нысандарына қатысты кейінгі оқиғалардан соң қазақстандық сатып алушылар мен сатушылар арасында тапсырыстардың жеткізілуіне қатысты сұрақтар туындады.

Интернет дүкені
Фото: Depositphotos

Астана, NEGE. Осыған байланысты  редакция Wildberries компаниясына ресми сауал жолдап, қазақстандық кәсіпкерлердің саны қанша, олардың жағдайы қалай болатынын сұрады. 

Компанияның мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда жалпы аумағы 50 мың шаршы метр болатын сегіз логистикалық орталық жұмыс істейді. Бұдан бөлек, Алматыда аумағы 103 мың шаршы метр, Астанада 166 мың шаршы метр болатын екі жеке логистикалық хаб салынып жатыр. 

Wildberries өкілдері Ресейдегі жағдайға қарамастан, Қазақстандағы логистикалық орталықтардың жұмыс тәртібі өзгермегенін мәлімдеді.

«Қазақстандағы Wildberries логистикалық орталықтарының жұмыс режимі өзгерген жоқ. Қазіргі және жаңа тапсырыстар қалыпты өңделіп, тапсырыс беру пункттерінде клиенттерге табысталып жатыр. Компания бизнес-процестерді жедел түзетіп, логистикалық тізбектерді қайта құрды», – деп хабарлады компания бізге берген жауабында. 

Wildberries дерегінше, маркетплейсте Қазақстаннан 120 мыңнан астам кәсіпкер тіркелген. Ал платформаны ай сайын 80 миллионнан астам адам пайдаланады. Компания қазақстандықтарды маркетплейстің ең белсенді пайдаланушыларының қатарына жатқызады. 

Wildberries қазіргі жағдайды бақылап отырғанын және сатушыларды қолдаудың қосымша тетіктерін әзірлеп жатқанын мәлімдеді.

«Бұған дейін Ресейдің Котовск және Электросталь қалаларындағы маркетплейс қоймаларына жасалған шабуылдардан кейін сатушыларды қолдаудың алғашқы шараларын жарияладық. 19 шілдеден бастап бірқатар қоймада тауар жеткізілген күннен бастап 45 күн бойы сақтау қызметіне жеңілдіктер, сондай-ақ өңірлік қоймаларға транзиттік жеткізілімдерге 100% жеңілдік енгізілді.

Сонымен қатар сатушыларды қолдау тетігін әзірлеу жалғасып жатыр. Бұл – күрделі процесс, өйткені төлем көлемін анықтау үшін оқиғалардың салдарын бағалау қажет. Сарапшылардың мәліметінше, бұл 30 күнге дейін созылуы мүмкін», – делінген компания жауабында. 

Вайлберрис
Фото: t.me/kimtatyana2024

Wildberries негізін қалаушы Татьяна Ким де телеграм арнасында логистикалық жүйе қайта құрылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, маркетплейс витринасында тұрған барлық тауарға тапсырыс беруге болады, ал зардап шеккен қоймалардағы тауарлар сатылымнан уақытша алынып тасталған.

«Біз командамен бірге жұмысымызды жалғастырып, тауарларды уақытында жеткізіп жатырмыз. WB витринасындағы барлық тауарға тапсырыс беруге болады, ал зардап шеккен қоймалардағы тауарлар жасырылды. Логистикалық инфрақұрылымымыз процестерді қайта құруға мүмкіндік берді», – деді Татьяна Ким.

Ресейдегі Wildberries қоймаларында не болды?

Бұған дейін, 18 шілдеге қараған түні Ресейдің Электросталь қаласындағы Wildberries қоймасына дрондар соққы жасаған. Салдарынан екі адам қаза тауып, 50-ден астам адам зардап шекті. Оның 40-ы ауруханаға жеткізілген.

Сол түні Тамбов облысының Котовск қаласындағы Wildberries қоймасы да соққыға ұшырады. Онда түнгі ауысымда жұмыс істеген жеті қызметкер қаза тауып, тағы 24 адам жарақат алған.

Ал 22 шілдеге қараған түні Краснодар мен Ставрополь өлкесіндегі Невинномысск қаласында орналасқан Wildberries логистикалық кешендерінде де өрт шықты.

Компанияның мәлімдеуінше, осы оқиғаларға байланысты логистикалық бағыттар қайта ұйымдастырылғанымен, Қазақстандағы тапсырыстарды қабылдау, өңдеу және беру қалыпты режимде жалғасып жатыр.

Қазір оқып жатыр

Астанада ғимарат қасбетіндегі кондиционерлерді жасыру міндеттелмек

Астананың код-дизайны

Қостанайда ернін үлкейткісі келген әйел ота жасаған маманды сотқа берді

ерін үлкейту

Балаева «Ахуал сегодня» YouTube авторының ұсталуына қатысты пікір білдірді

Аида Балаева

Алматылық дәрігерлер бесінші қабаттан құлаған кішкентай баланы аман алып қалды

омыртқаға жасалған ота