«Мәселе жабық»: Сәпиев орынбасарымен арадағы жанжал туралы

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев өзінің орынбасары Дәурен Есімхановпен төбелесті деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

@serik_sapiyev/Instagram

Астана, NEGE. Сәпиевтің айтуынша, ол мемлекеттік қызметші ретінде әдеп нормаларын қатаң сақтайды және рингтен тыс жерде күш қолданбайды. 

«Өз мүмкіндігімді жақсы бағалаймын және әрбір іс-әрекетім үшін жауапкершілік арқалайтынымды толық түсінемін. Сондықтан қандай да бір арандатушылықтарға ермеймін», – деп жазды ол Instagram парақшасында.

Сәпиев жанжалдың неден басталғанын түсіндірмеді. Тек мәселе жабық екенін атап өтті.

Айта кетейік, желіде бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен орынбасары – самбодан әлем чемпионы Дәурен Есімханов төбелескені туралы ақпарат пен соның видеосы тарады. Полицейлер қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Астана дзюдо федерациясының президенті Айдар Махметовтың айтуынша, екеуара дау қызметтік мәселелерге байланысты туындаған.