Марқұм сарбаздар мемлекеттік наградаға ұсынылады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Орынбасар Сейдов/Facebook

Астана, NEGE. Жеделхаттарды Маңғыстау және Түркістан облыстарының басшылары, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы және қоғам өкілдері марқұмдардың туыстарына табыстады.

Мемлекет басшысы қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, олардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетілетінін жеткізді.

Сондай-ақ Президент оқиғаға кінәлі адамдар заң бойынша қатаң жауапқа тартылатынын атап өтті.

Жеделхатта қаза тапқан әскери қызметшілердің мемлекеттік наградаларға ұсынылатыны да айтылған.

Еске салсақ, 24 қыркүйек күні Каспий теңізінде оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде 17 әскери қызметші теңіз суына кетті. Бастапқыда Қорғаныс министрлігі 12 сарбаз қаза тауып, үш әскери құтқарылғанын, екі сарбаз іздестіріліп жатқанын хабарлады. Екі сарбаздың денесі бүгін таңертең табылды.

Сарбаздардың қаза болуына байланысты екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің мәлімдеуінше, қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі – ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау және 465-бабы – кеме жүргізу қағидаларын бұзу бойынша тергеліп жатыр.

Ішкі істер министрлігі бүгін бес әскери лауазымды тұлға уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады. Олардың ішінде ҚР Қарулы күштері әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының командирі және «Қайсар» катерінің командирі бар. Олар ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқықбұзушылықтар жасады деген күдікке ілініп отыр.