Маңғыстауда мұнайшыларды наразылыққа үгіттеу ісін ҰҚК тергеп жатыр
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Маңғыстау облысында қылмыстық топтың ықтимал мүшелеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын растады.
Астана, NEGE. Алайда ведомство күдіктілердің нақты қандай әрекеттерге қатысы бар екенін ашып айтпады.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Өзге ақпарат жарияланбайды», – деп хабарлады ҰҚК бірқатар басылымға.
Айта кетейік, бұған дейін БАҚ пен әлеуметтік желіде Маңғыстау облысы бойынша ҰҚК департаменті мен Ішкі істер министрлігі органдары Жаңаөзендегі қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойғаны жазылған еді. Ондағы ақпаратқа қарағанда, топ мүшелері мұнайшыларды жаппай наразылыққа шығуға үгіттеп, тапсырыс беруші – «Өзенмұнайгаз» АҚ-дан қосымша қаражат алуға тырысқан.
Болжам бойынша, олардың мақсаты мердігерлік келісімшарттардың көлемін ұлғайту болған.
Ал блогер Азамат Сарсенбаев «Jana Oil Service» ЖШС (бұрынғы «Кезби») және «Өзенмұнайгаз» компаниясының басшылары ұсталғаны туралы хабарлаған. Оның мәліметінше, мердігер ұйымдардың басшылары мұнайшылардың наразылығын ұйымдастыру үшін сөз байласқан болуы мүмкін.
Таяуда «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы «Өзенмұнайгаз» басшылары ұсталды деген ақпаратты теріске шығарды.