«ҚазМұнайГаз» «Өзенмұнайгаз» басшыларының ұсталғанын жоққа шығарды
«ҚазМұнайГаз» «Өзенмұнайгаз» басқарма мүшелерінің ешқайсысы ұсталмағанын мәлімдеді.
Астана, NEGE. Бұған дейін Lada.kz басылымы Маңғыстау облысы бойынша ҰҚК департаменті мен Ішкі істер министрлігі органдарының Жаңаөзенде қылмыстық топтың әрекетін кескенін жазған. Басылымның мәліметінше, топ мүшелері мұнайшыларды жаппай наразылыққа итермелеп, тапсырыс беруші – «Өзенмұнайгаз» АҚ-дан қосымша қаржы алуға тырысқан.
Алайда «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басшылық құрамның ұсталғанын жоққа шығарды.
«"Өзенмұнайгаз" АҚ басшыларының (Басқарма) ешқайсысы ұсталмағанын ғана мәлімдей аламыз. Толық ақпарат алу үшін құқық қорғау органдарына хабарласуыңызды сұраймыз», – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, журналист Михаил Козачков та Telegram-арнасында тергеу нұсқасына сәйкес, кәсіпкерлер жергілікті мұнайшыларды ереуілдер мен наразылық акцияларына шығуға үгіттегенін хабарлаған еді. Олардың мақсаты мердігерлік келісімшарттардың көлемін ұлғайту болған деген болжам бар.
Ал блогер Азамат Сарсенбаев «Jana Oil Service» ЖШС-нің (бұрынғы «Кезби») басшылары мен «Өзенмұнайгаз» басшылары ұсталғаны туралы жазды. Оның мәліметінше, мердігер ұйымдардың басшылары мұнайшылардың наразылықтарын ұйымдастыруға сөз байласқан болуы мүмкін.
Редакция бұл іске қатысты Ішкі істер министрлігіне тиісті сауал жолдады.