Іле Алатау ұлттық паркінде туристер тамсанатын көрікті жер көп
Былтыр Алматыға 2,3 млн турист келгені туралы ақпаратты көз шалды. Бұл көрсеткішке қол жеткізудің өзіне қаншама уақыт кеткені, табанды еңбекті талап еткені белгілі.
Шын мәнінде, туризмді басқа елдер сияқты табыс көзіне айналдыру үшін сала тізгінін ұстағандарға жаңашыл көзқарас, ал халыққа қоғамдық орта мәдениетін қалыптастыру керек.
Әсем Алатаудың баурайында көрікті жер көп. Әсіресе, Іле Алатау ұлттық паркіне қарайтын аумақтың қай қиырына көз салсаңыз да, тамылжып тұрған тұмса табиғатқа қарап, жан рахатын сезінгендей боласыз. Мұндай әдемілікті интернет желісінен көрген шетелдіктердің де ағылып жатқаны бекер емес. Демек, 200 мың гектар жерді алып жатқан ұлттық парктің де отандық туризмді дамытуға қосып жатқан үлесі ерек.
«Игі істің басына – жақсы келер қасына» демекші, наруыз айында ғана Іле Алатау ұлттық табиғи паркіне директор болып келген Елнұр Мұхамеджанұлының бұл салада тәжірибесі мол. Еңбек жолын сонау 2006 жылы дәл осы мекемеде мемлекеттік инспектор болып бастап, кейін Ақсай орманшылығының орманшы көмекшісі, орман дамыту инженері қызметтерін атқарған ол соңғы екі жылда «Көлсай көлдері» МҰТП директоры ретінде айтарлықтай нәтижелі жұмыс атқарды. Оны бұл мекенге туристердің көптеп келуі мен инфрақұрылымының дамуынан байқауға болады. Осыдан бес жыл бұрынғы «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бүгінде адам танымастай өзгерді. Жұрттың демалуына жағдай жасалып, жергілікті халық табыс табуды үйрене бастады. Мұның өзі тұрғындардың қызмет көрсету саласын жақсартуға, шетелдік қонақтардың көңілінен шығуға деген ынтасын оятты.
Осындай көзге көрінетін жұмыс істеген Елнұр Ахметов Іле Алатау ұлттық табиғи паркін де жандандыруды қолға алды. БАҚ өкілдерін кәсіби мерекеге орай «Аюсай» келушілер орталығына шақырған ұлттық парк басгшылығы алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың жай-жапсарымен таныстырды.
«Қазақстанда 14 ұлттық табиғи парк, 10 қорық, 7 резерват бар. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ жылдан жылға көбейіп келеді. Соның бір дәлелі – 1996 жылы құрылған Іле Алатау ұлттық табиғи паркі. 200 мың гектар жерді алып жатқан аумақ Алматы қаласы мен Алматы облысына қарайды.
Қазір экологиялық туризм де ерекше дамуда. Шетелдік қонақтар саны артып, оларға қызмет көрсететін жергілікті туристік фирмалар да жұмысын оң жолға қойып келеді. Туристер «Аюсай» келушілер орталығына соғып, ұлттық паркте қандай жануарлар тіршілік ететіні, қандай өсімдіктер өсетіні туралы ақпарат алады.
Сондай-ақ, бұл шатқалда еліміздің ұлттық бренді саналатын ас түрлерін дайындайтын дәмхана мен мейрамхана бар. Одан бөлек отандық қолөнер және ұлттық киім тігетін шеберлердің бұйымдары мен киімдері сатылады. Жалпы, болашақта келушілер орталығын көптеп салу керек деп санаймыз», – деді Іле Алатау ұлттық табиғи парк бас директоры Елнұр Мұхамеджанұлы.
Бұл мақсатта ұлттық парктің экологиялық тұрақтылығын сақтау, орман шаруашылығын тиімді жүргізу және туризмді үйлесімді дамыту бойынша нақты жұмыстар атқарылмақ. Ұлттық парктің алдағы даму стратегиясына тоқталған Елнұр Ахметов орманды қорғау, экожүйені сақтау және туристік қызметтердің сапасын арттыруға ерекше назар аударылатынын атап өтті.
Жаз мезгілі болған соң визит орталықта адам қарасы көп. Шетелдіктер де, еліміздің басқа өңірінен келген қонақтар да жүр. Мұнда ат басын тірегендерге ұлттық парк жөнінде толыққанды ақпарат беретін орталықтың модулі экологиялық материалдардан – отандық ағаш конструкциядан жасалған. «Аюсай» шатқалының ландшафтына үйлесіп тұрған ғимараттың іргетасына бетон орнына металл байлауы бар геобұрандалар қойылған. Ең бастысы, әдемілікті таспаға басып, оны басқалардың да тамашалауы үшін желіге салғыңыз келсе, визит орталыққа келіп, WI-FI интернетін пайдалана аласыз.
БАҚ өкілдерімен өткен еркін пікір алмасудан кейін Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Елнұр Ахметов, парк директорының орынбасары Арқау Шантаев журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтап, әркез тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.