Күзде пайызсыз ипотека беріле бастауы мүмкін
Қазақстанда ислам ипотекасы осы жылдың қазан айында іске қосылуы мүмкін.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Отбасы банк төрағасы Ләззат Ибрагимова Kazinform агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, сәуір айында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі парламентте бірінші оқылымда ұлттық кредиттік-рейтингтік агенттік туралы заң жобасын таныстырған. Заң жобасы аясында Отбасы банкке исламдық қаржыландырумен айналысу құқығын беретін қосымша нормалар қарастырылған.
«Менің ойымша, заңға маусым айының соңына дейін қол қойылады. Тамыз айы лицензияны рәсімдеумен өтеді. Қыркүйекте немесе ары кетсе 1 қазанда ислам қағидаттарына негізделген жаңа өнімді жариялап, бірден оны іске асыра бастау үшін есігімізді ашамыз деп жоспарлап отырмыз», – деді Ибрагимова.
Ол шариғат талаптарына сәйкес пайыз есептеуге тыйым салынатынын еске салды. Осыған байланысты банк пайызсыз депозиттер мен несиелер ұсынуды жоспарлап отыр. Ләззат Ибрагимованың айтуынша, ондағы тәсілдер басқаша болады.
Айта кетейік, 1 шілдеден бастап Қазақстанның тұрғын үй нарығында ипотека беру талаптары күшейеді. Бұл өзгеріс ең алдымен коммерциялық банктердің жұмысына әсер етпек. Алайда сарапшылар нарықта айтарлықтай өзгеріс болмайды деп есептейді.