17 января 2020 г. 7:12

Күштік құрылым кімнің қолында?

Фото:

Кеше «төбесінде тесігі бар» тісқаққан сарапшылардың өзі күтпеген бірқатар ауыс-түйіс жасалды. Ақорданың ресми сайты «борозда бұзбайтын» Қалмұханбет Қасымовтың Президенттің көмекшісі – ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы қызметінен босатылып, Мемлекеттік күзет қызметінің басшысы болып тағайындалғанын хабарлады.

Қасымов соңғы лауазымда 2019 жылдың 12 ақпанынан бері жұмыс істеген. Бұған дейін «бас қарауыл» болған Әнуар Садықұлов ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Сондай-ақ ол арнайы мақсаттағы «А» директоры қызметін қоса атқарады.

Ел басшыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы қызмет жетекшілеріне қатысты ауыс-түйіс жұрт назарын аудармай қоймайды. Жалпы, мұндай жабық қызметтердің саяси, стратегиялық маңызы орасан. Оған қазіргі саяси жағдай да себепші. Елбасы мен мемлекет басшысының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметке Қалмұханбет Қасымовтың басшылыққа келуін Н.Назарбаевтың шешімі ретінде қабылдауға болар. Өйткені ұзақ жыл Ішкі істер министрі болған Қ.Қасымов – Н.Назарбаевтың сенімді адамдарының бірі. Демек, Елбасы өзіне берілген тұлғаларды маңызды орындарға тағайындау арқылы әлдеқандай жағдай бола қалғанда арнайы қызметтерді бақылауда ұстауды көздейтіндей.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұл қызметте үміткердің әскери біліктілігінен гөрі ел басшысына жақындығы анағұрлым маңызды рөл атқарады. Мәселен, Елбасының бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев еш тәжірибесі болмаса да, президенттің күзет қызметінің басшысы болды және сол кезде Елбасы айтқандай, «қауіпсіздігін кім қамтамасыз ететінін өзі шешеді».

Әскери орган болып есептелетін Мемлекеттік күзеттің жаңа басшысы Қалмұханбет Қасымов өмір бойы құқық қорғау саласында қызмет етті. «Дядя Коля» бұл органның ықпыл-жықпылын жақсы біледі. Сегіз жыл министр болғанда белсенділер оның отставкаға кетуін он рет талап еткені де бекер болмаса керек-ті.

Әнуар Сәдіқұлов та кеңес кезінде әскер қатарында борышын өтеді демесеңіз, алдымен Алматы зооветеринарлық институтын, кейін Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық университетін «құқықтанушы» мамандығы бойынша бітірген. Бұрындары Сәдіқұловты да тұңғыш президенттің жанынан жиі көретінбіз...

Жалпы «бас қарауылдар» жиі ауысады. Бұл лауазымда ең ұзақ отырған – Амангелді Шабдарбаев. Кеңес өкіметі тұсында Дінмұхамед Қонаевтың, кейіннен Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке оққағары болған Шабдарбаев Президент күзетін 2002 жылдан 2006 жылға дейін басқарды. Арнайы қызметтің тәжірибелі өкілі кейін ҰҚК төрағасы қызметіне ауысып, ақыры «зейнет жасына жетуіне байланысты» деген уәжбен орнынан кетті. Мемлекеттік күзет қызметінің жаңа басшысы Қасымов та биыл 63-ке толатынын ескерсек, бұл мәселеде бірінші кезекте Елбасыға адалдығы мен жақындығы алдыңғы қатарға шығатынын байқаймыз.

Кеше саяси «жауырыншылар» «Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы кім болады?» деп бал ашып, бас қатырып жатқанда бесін ауа хатшының да аты-жөні белгілі болды.

Мемлекет басшысының жарлығымен Әсет Исекешев Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болып тағайындалды. Тұңғыш президент – Елбасы Н.Назарбаевтың шешімінен Талғат Мұхтаров Қауіпсіздік кеңесінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімі басшылығынан босатылып, іле-шала Президенттің өкімімен Мемлекеттік күзет қызметі басшысының орынбасары болып тағайындалды.

Екі кештің арасында жасалған бұл тағайындаулар да жоғарыда біз келтірген уәжді бекіте түсетіндей...  

Тегтер: