Құрылтай депутаттарын сайлауда билік өкілдері мен партия жетекшілері дауыс берді
Қазақстанда өтіп жатқан Құрылтай депутаттарын сайлауда билік өкілдері мен партия жетекшілері Астана мен Алматыдағы сайлау учаскелерінде өз таңдауын жасады.
Астана, NEGE. Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан Республикасының жаңа бір палаталы Құрылтайы депутаттарының алғашқы сайлауында дауыс беруге қатысты.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өзінің Конституциялық құқығын жүзеге асырып, өзіне бекітілген сайлау учаскесінде дауыс берді. Оның айтуынша, жаңа Конституция күшіне енгеннен кейінгі бұл сайлау саяси реформалардың жаңа кезеңінің маңызды бастауы болып саналады.
Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Астанадағы сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып дауыс берді. Қосанов Құрылтай депутаттарын сайлауға 130 мың әскери қызметші мен олардың отбасы мүшелері қатысып жатқанын мәлімдеді. Әскери бөлімдер мен мекемелер аумағында 25 жабық сайлау учаскесі ұйымдастырылған.
Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов те елордадағы сайлау учаскелерінің бірінде өз таңдауын жасады. Дауыс беру күні бүкіл ел бойынша Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері сайлауға қатысуда.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс беріп, бүгінгі күн Қазақстанның саяси дамуындағы маңызды кезең екенін атап өтті.
«Сайлауға қатысу – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі әрі әр азаматтың ел болашағына өз үлесін қосу мүмкіндігі», – деді министр.
Сайлауда Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек алғашқылардың бірі болып дауыс берді.
«Бүгін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауында дауыс бердім. Бұл – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға. Жаңа Конституцияға сәйкес, Құрылтай заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді органға айналады. Мемлекет басшысы атап өткендей, «Құрылтай әралуан көзқарас пен ұлт келешегі жолындағы ұмтылыстар тоғысатын біртұтас алаң болуға тиіс. Осылайша, Құрылтай ел жаңғыруына тың серпін беретін құрылымға айналмақ», – деді Қасымбек.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды сайлау учаскелерінің бірінде қала тұрғындарымен бірге кезегін күтіп, кезегі жеткенде өз таңдауын жасады.
«Біз тарихи сәттің – Құрылтайдың алғашқы сайлауының куәсі әрі қатысушысымыз. Еліміз өзінің саяси тарихындағы жаңа кезеңге қадам басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сайлау алдындағы үндеуінде атап өткендей, біздің болашағымыз әрқайсымыздың саналы таңдауымызға байланысты», – деді Алматы әкімі.
Министрлер кабинеті өкілдерімен қатар, бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып жатқан партия жетекшілері де өз учаскелерінде дауыс берді.
«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай сайлауда өз таңдауын жасап, азаматтардың сайлауға қатысуы және азаматтық жауапкершілік танытуы аса маңызды екенін атап өтті.
Биылғы сайлау науқаны 2026 жылы 15 наурызда Конституция қабылданғаннан кейін алғаш рет өтіп жатыр. Конституциялық реформаға сәйкес, Қазақстан Парламенттің екі палаталы құрылымынан бір палаталы заң шығарушы орган – Құрылтайға өтті.
Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров Астанадағы №101 орта мектепте дауыс берді. Бүгінгі сайлаудың маңызына тоқталған партия төрағасы бұл күнді Қазақстанның жаңа кезеңге қадам басуымен байланыстырды.
Айта кетейік, бүгін қазақстандықтар алғаш рет Құрылтай депутаттарын партиялық тізім бойынша сайлап жатыр. Сайлаушылар тізіміне 12 605 788 Қазақстан азаматы енгізілген. Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бүгінгі сайлауда сайлаушылардың белсенділігі жоғары екенін атап өтті.