Құрылтай депутаттарын сайлау: Бас прокуратура үгіт-насихатқа байланысты ескерту жасады

Бас прокуратура 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарын сайлауға байланысты үндеу жасап, сайлау алдындағы үгіт-насихатқа қатысты жайттарды түсіндіріп өтті. Қадағалаушы орган өкілдерінің мәлімдеуінше, жөнсіз үгіт жүргізу, жала жабу, жалған ақпарат тарату жауаптылыққа әкеп соғады.

ortcom.kz

Астана, NEGE. Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сай 2 және 23 шілде аралығында партиялық тізімдерді ұсыну және тіркеу кезеңдері өтеді. Ал 23 шілдеде сағат 18:01-ден бастап сайлау алдындағы үгiт басталып, ол 22 тамыз, сағат 00:00-ге дейін жалғасады.

«Осыған байланысты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 27-бабының 2-тармағына сай партиялық тізімді тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін қандай да бір сайлау алдындағы үгiт жүргізуге жол берілмейді. Осы талапты бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 102-бабына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады», – деп ескертеді бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов.

Сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» еонституциялық заңының 27-бабының 9-тармағына сәйкес сайлау алдындағы жөнсiз үгіттi жүргiзуге тыйым салынатыны атап өтілді.

Мұндай үгітке не жатады?

  • сайлаушыларға тегiн немесе жеңiлдiк шарттарымен тауарлар, бағалы қағаздар беру;
  • қызметтер көрсету;
  • лотереялар, қайырымдылық акцияларын өткiзу;
  • ақша төлеу не уәде беру.

Қадағалаушы орган өкілінің түсіндіруінше, жөнсіз жүргізілген үгіт үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 122-бабының 2-бөлігіне сәйкес жауаптылық көзделген. Егер параға сатып алумен ұласқан құқық бұзушылық белгілері анықталса, Қылмыстық кодекстің 150-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды.

Сондай-ақ сайлау тағайындалған кезден бастап кандидаттарға, партиялық тізімдерді ұсынған саяси партияларға, сонымен бірге олардың атынан немесе оларды қолдап кез келген жеке және заңды тұлғаларға ойын-сауық және спорттық іс-шараларды ұйымдастыруды қоспағанда, қайырымдылық іс-шараларын өткізуге тыйым салынады.

«Кандидаттың, партиялық тізімді ұсынған саяси партияның, сондай-ақ олардың сенім білдірілген адамдарының жоғарыда көрсетілген талаптарды бұзуы кандидатты немесе партиялық тізімді тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға әкеп соғады», – дейді Ерлан Өтегенов.

Бұған қоса «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 27-бабының 7 және 7-1-тармақтарына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары, сол сияқты онлайн-платформаларды пайдаланушылар кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін үгіт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан бас тартуға міндетті.

«Кандидаттар, саяси партиялар туралы көрінеу жалған мәліметтерді тарату немесе сайлау нәтижесіне ықпал ету мақсатында олардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін өзге де әрекеттер жасағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 104-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген», – дейді бас прокурордың орынбасары.

Сонымен қатар жала жабу, жалған ақпаратты, құқыққа қайшы контентті орналастыру, тарату да жауаптылыққа әкеп соғады.

Бұқаралық ақпарат құралдары, онлайн-платформалар сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін жариялаған кезде, сауал жүргiзген заңды тұлғаны, сауал жүргізуге тапсырыс берген және оның ақысын төлеген тұлғаларды, сауал жүргiзілген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрақтың нақты тұжырымын, сауал салынғандардың саны мен сауал салу нәтижелерінің қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi.

Ал сауалнаманы, прокуратураның нақтылауынша, заңға сәйкес тіркелген, кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар ғана жүргізе алады және бұл жөнінде Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар ету қажет.

Қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерiн, сайлау, сайлауға байланысты өзге де зерттеулер, кандидаттарды не саяси партияларды қолдап дауыс беру нәтижелерiнiң болжамдарын дауыс берiлетін күннің алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда жариялауға жол берілмейдi.

  • Сайлау күнi дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте сауалнама жүргізуге тыйым салынады.
  • Сондай-ақ сауалнаманы жеке тұлғалардың жүргізуіне және олардың нәтижелерін жариялауына мүлдем жол берілмейді. Бұған да заңда жауаптылық көзделген.

Бас прокуратура сайлау процесіне қатысушылардың барлығын заңнама талаптарын қатаң сақтауға және құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеуге шақырады.