Кремль Тоқаевтың Украинадағы соғысты тоқтата тұру туралы ұсынысына жауап берді
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей мен Украина арасындағы соғыс туралы мәлімдемесі Кремль үшін күтпеген жайт болмаған.
Астана, NEGE. Песков Тоқаевтың Украина мәселесіне қатысты ұстанымын бұған дейін де бірнеше рет білдіргенін еске салды.
«Оның ұстанымы бірізді. Бұл біздің келісетінімізді білдірмейді. Дегенмен Қазақстан – біздің ең жақын серіктесіміз әрі одақтасымыз», – деді Кремль өкілі «Российская газетаға» берген сұхбатында.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен кездесу кезінде бұл соғыстың себептері көпшілікке, соның ішінде Қазақстанға да толық түсінікті емес екенін айтқан.
Песков бұған Ресей өз ұстанымын серіктестеріне жеткілікті деңгейде түсіндіре алмаған болуы мүмкін деп жауап берді.
«Енді түсіндіру жұмысын екі есе күшейтеміз. Серіктестеріміз біздің ұстанымымызды білуі керек», – деді ол.
25 шілдеде Омбыда өткен Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумында Тоқаев Украинадағы соғысты уақытша тоқтатып, «Ыстанбұл формуласы 2.0» негізінде келіссөздерді қайта бастауды ұсынды. Қазақстан президенті өзінің бұл мәселеде араағайын болмайтынын да атап өтті.