Кран кімдікі? Алматыда компания әскерилермен соттасып, жеңіп шықты

Алматыда Қорғаныс министрлігінің бөлімшесі Unitrans Service пайдаланып келген үш кранды өз балансына алған. Алайда сотта жабдықтың мемлекетке тиесілі екенін дәлелдей алмады. Керісінше, сот екі кранның компанияға тиесілі екенін анықтап, оларды қайтаруды міндеттеді. NEGE әскерилер мен кәсіпкерлер арасындағы даудың мән-жайын анықтады.

коллаж ЖИ көмегімен жасалған

База мемлекеттікі. Ал крандар ше?

Алматының Түрксіб ауданында тоғыз гектарға жуық жерді алып жатқан қойма базасы бар. Unitrans Service осы жердегі ғимараттарды жалдап, жүк сақтаумен және өңдеумен айналысады. Компания басшылығының айтуынша, жұмысқа қажетті жабдықты өз қаражатына сатып алған.

2024 жылғы наурызда Жоғарғы соттың қаулысы негізінде база Қорғаныс министрлігінің Алматы аудандық пайдалану бөлімінің балансына қайтарылған.

Әскерилер базадағы мүлікті түгендегенде, компания пайдаланып жүрген үш кранға назар аударған. Екеуі 20 тонна, біреуі 10 тонна жүк көтереді. Алайда базаны әскерилерге тапсырғанда, бұл үш кран берілген мүліктің тізіміне кірмеген.

Әскерилер крандарды өз балансына алған

2025 жылғы ақпанда әскери бөлім компаниядан крандардың кімге тиесілі екенін растайтын құжаттарды сұратқан. Әскерилердің айтуынша, кәсіпорын әуелі мәлімет беруден бас тартқан.

Сол жылғы тамызда бөлім үш кранды да өз балансына алғанын хабарлаған. Компания кейін сатып алу құжаттарын көрсеткенімен, әскерилер оларды жеткіліксіз деп тапқан. Олар крандарды компанияға сатқанға дейін кім иеленгенін де дәлелдеуді талап еткен.

Unitrans Service екі кранның сатып алу құжаттарын ұсынған. Біріншісін 2017 жылғы тамызда, екіншісін 2022 жылғы маусымда «Завод Модуль» компаниясынан алған. Крандардың компанияға тапсырылғанын растайтын актілер де болған.

Ал үшінші кранның металл қаңқасы кәсіпорынның басшысы Илья Тимофеевке тиесілі екенін айтқан. Компанияның түсіндіруінше, Тимофеев оны 2005 жылы металл қабылдау орнынан сатып алған. Кейін қаңқаны базаға жеткізіп, қалпына келтірген де, кәсіпорынға тегін пайдалануға берген.

Компания крандарды көп жылдан бері ашық пайдаланып, жөндеп, тіркеуден өткізіп келгенін алға тартқан.

Оның ұстанымы қарапайым: база мемлекетке тиесілі болғанымен, жалға алушының жабдығы мемлекет меншігіне айналмайды.

Дау сотқа жеткен

Әскери бөлім соттан үш кранды мемлекет меншігі деп танып, өз қарамағына беруді сұраған. Сондай-ақ компанияның крандарды пайдалануына тыйым салып, жабдықты әскерилердің пайдалануына кедергі келтірмеуді талап еткен.

Unitrans Service қарсы талап беріп, екі кранын және Тимофеевтің металл қаңқасын қайтаруды сұраған. Компания оларды бөлшектеп, базадан әкетпек болған.

Кәсіпорын директоры Илья Тимофеев ҰҚК-ге де шағымданған. Ол әскери бөлім қызметкерлері қызмет бабын пайдаланып, жеке мүлікті заңсыз иемденген болуы мүмкін екенін айтып, тергеу жүргізуді сұраған.

Редакцияға берілген анықтамаға сәйкес, өтініш 2026 жылғы 5 тамызда Алматы қаласы бойынша ҰҚК департаментінің ақпаратты есепке алу кітабына тіркелген. 

Әскерилер өз талабын дәлелдей алмаған

Сот крандардың мемлекетке тиесілі екенін әскери бөлімнің өзі дәлелдеуі керек деп көрсеткен. Бірақ бөлім жеткілікті дәлел ұсынбаған. Оның үстіне, базаны қабылдап алған кезде крандардың актіге енгізілмегенін әскерилер де жоққа шығармаған.

Ал компанияның екі кранға меншік құқығын сот сатып алу шарттары мен қабылдау-тапсыру актілеріне сүйеніп анықтаған.

Сот кәсіпорынның жабдықты көп жылдан бері пайдаланып келгенін де ескерген. Крандардың төтенше жағдайлар органдарында тіркелгеніне қатысты дау болмаған. Сондай-ақ 2021 жылғы хаттардың бірінде Мемлекеттік мүлік департаментінің келісімімен кран орнатуға рұқсат берілгені жазылған.

Іске қатысқан прокурор да компанияның талабын толық қанағаттандыруды ұсынған.

Неге үш кранның екеуі ғана қайтарылады?

2026 жылғы 12 қазанда Алматының экономикалық соты екі кранды компанияға қайтаруды міндеттеген. Сот шешімінде олардың әскери бөлімнің заңсыз иелігінде болғаны көрсетілген. Әскерилер компанияға крандарды бөлшектеп, базадан әкетуге мүмкіндік беруге тиіс.

сот шешімі

Үшінші кранның қаңқасына қатысты мәселе басқаша шешілген. Ол компанияға емес, Тимофеевке тиесілі болғандықтан, сот кәсіпорын оның атынан талап қоя алмайды деп тапқан. Сондықтан талаптың осы бөлігін қанағаттандырмаған. Бірақ қаңқаны мемлекет меншігі деп те танымаған.

Әскери бөлімнің крандарды мемлекет меншігі деп танып, өзіне беру туралы талаптарын сот бөлек ұйғарыммен қарауды тоқтатқан.