«Көзқарасымыз сәйкес келмейді»: Давид Лория Марат Омаров туралы ойын айтты
Давид Лория Қазақстан футбол федерациясындағы жұмысын аяқтағанын мәлімдеді. Ол 2025 жылдың сәуір айынан бері ұйымның бас хатшысы қызметін атқарған.
Астана, NEGE. Давид Лорияның айтуынша, федерация президенті Марат Омаров оған вице-президент қызметінде жұмысын жалғастыруды ұсынған. Алайда ол бұл ұсыныстан бас тартқан.
«Біздің футболды дамытуға қатысты көзқарасымыз бен өмірлік құндылықтарымыз кейбір тұстарда сәйкес келмейді», – деп жазды Лория Instagram парақшасында.
Ол әріптестеріне, клубтарға, өңірлік федерацияларға, бапкерлерге, футбол функционерлеріне, ойыншылар мен жанкүйерлерге алғыс білдірді.
Биыл наурызда Лорияның қызметінен кетуі мүмкін екені туралы ақпарат тарағанда, қазақстандық футбол ардагерлері оны қолдап, федерацияға «мінсіз беделі бар осындай адамдарды» алып қалу қажет екенін айтқан еді. Давид Лория кезінде ұлттық құраманың қақпашысы болды, кейін UEFA-ның беделді бағдарламасы бойынша білім алды.
ҚФФ басшылығында кімдер қалды?
Қазір федерацияны Марат Омаров басқарады. Ол – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы. Бұған дейін мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда қызмет атқарған.
Ал қазіргі бас хатшы Александр Кеплин федерацияда 2000 жылдардың басынан бері түрлі қызметерді атқарып келеді. Ол баспасөз хатшысы қызметін де атқарған.
Қазақстан футбол федерациясының халықаралық байланыстар комитетін Қайрат Боранбаев басқарады. Ол – кәсіпкер, «Қайрат» футбол клубының иесі және Марат Омаровтың туысы. Ашық деректерге сүйенсек, Марат Омаров Боранбаевтың жиеніне үйленген.
Бір қызығы, федерацияның ресми сайтында Қайрат Боранбаевтың мемлекет алдындағы еңбегі, белсенді қоғамдық қызметі және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталғаны жазылған. Алайда сайтта соттың президентке Боранбаевты осы мемлекеттік наградалардан айыру туралы ұсыныс енгізгені айтылмаған.