Алматы облысының билігі Марат Омаровтың анасына зауыт салуға қалай рұқсат берді?
Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы KZ Recycling зауытына байланысты тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша NEGE-ге ресми түсініктеме бергенімен, зауыттың құрылтайшысы деп көрсетілген Шолпан Омароваға қатысты сұрағымызды жауапсыз қалдырды.
Алматы, NEGE. Шолпан Омарова – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің басшысы, сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровтың анасы.
Басқарманың мәліметінше, қолданыстағы заңның 26-бабына сәйкес, объектілерді пайдалануға қабылдау және оларды есепке алу жергілікті атқарушы органдардың, яғни аудан әкiмдiктерiнiң құзыретiне жатады. Сол себепті басқарма әкімдіктерге сұрау салған.

- Тақырыпқа орай: «Тұрғын үй салуға қалай рұқсат берген?» – Депутат Алматыдағы қағаз зауытына қатысты дауға пікір білдірді
Айтуларынша, ҚР заңнамасының 33-бабының 4-тармағы 1-тармақшасына сәйкес, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінен Қазақстан Республикасының аумағында салынуы белгіленген және салынып (реконструкцияланып, кеңейтіліп, жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өткізіліп) жатқан объектілер мен кешендер туралы ақпараттық сұрау және алу мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясының құзыретіне жатады.
«Бұл ретте Алматы қаласы Наурызбай ауданының аумағындағы Alma City-5 тұрғын үй кешенінің және Алматы облысы Қарасай ауданының аумағындағы «KZ Recycling» қағаз шығаратын зауытының бастапқы-рұқсаттама құжаттарын, келісілген жобалық шешімдер мен қабылдау актілерін сұрастыру мақсатында Алматы облысы Қарасай ауданы әкімінің аппаратына, «Қарасай ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, Алматы қаласы Наурызбай ауданы әкімінің аппаратына, «Алматы қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне сұрастыру хаты жолданды», – делінген ресми жауапта.
Басқарманың хаты бойынша сұрастырылған мәліметтерді жинастыру нәтижесінде қойылған сауалдарға қатысты толық мәлімет пен жауап қосымша жолданатыны хабарланған.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі уақытта Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы Alma City-5 тұрғын үй кешенінің тұрғындары Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты «KZ Recycling» зауытын көшіру мәселесін көтеріп жатыр. Тұрғындар мен қоғам белсенділері зауыттан шығып жатқан түтін қоршаған ортаға зиян деп дабыл қаққан еді.
- Тақырыпқа орай: Алматыдағы қағаз зауытына 49,9 млн теңге айыппұл салынды
Egov порталындағы деректерге сәйкес, «KZ Recycling» компаниясының құрылтайшысы ретінде Омарова Шолпан Жұматайқызы тіркелген.
KASE мәліметтеріне сәйкес, аты-жөні дәл осындай тұлға Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясының басшысы Марат Омаровтың анасы ретінде көрсетілген.