«Қойшы, сені сүйемін ғой»: Күйеуінің қолынан қаза тапты делінген Айзаттың өліміне қатысты не белгілі?
Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Айзат Жұманованың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша басты сот отырысы басталды.
Сот процесі барысында прокурор Нұрлан Билібеков айыптау актісін оқып, ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалға қызғаныш себеп болғанын мәлімдеді.
Айыптау актісінен кейін тараптардан және куәгерлерден жауап алу басталды. Сотта бірінші болып Айзат Жұманованың анасы Салтанат Жұманова жауап берді. Жұманова қызының қазасы туралы қалай естігенін, сол күні не болғанын баяндап берді.
Сонымен қатар, марқұм Айзат Жұманованың қайын атасы Қайрат Тоғызбаев сотта жауап беріп, келіні мен баласының арасында бұрын-соңды ешқандай ұрыс-керіс болмағанын айтты. Ол баласының келінге жұдырық жұмсап, дауыс көтергенін көрмеген болып шықты. Егер баласының мұндай қылығын бұрын байқаса, сол кезде «жанын шығарар едім» деді ол соттағы жауабында.
«Мен сол күні әйеліммен ауылда болдым. Түнгі 23.00-ден кейін балам «ата, осындай жағдай болып қалды» деді. Келінді қолына ұстап алып келді. Не жағдай екенін сұраған едім, ол келінді абайсызда құлатып алдым деді. Талдықорғанға апару керек деді. Мен Toyota Land Cruiser 200 маркалы көлігімді бердім. Көліктің артына Айзатты кіргізді. Мен баланы алып қалдым. Көлікті көрші бала Нұрсұлтан Ноғайбаев айдап, төртеуі Талдықорғанға кетті», – дейді күдіктінің әкесі.
Ол соттағы жауабында келіні Айзат Жұмабаеваның бетінен көгерген іздерді көрмегенін айтты.
«Құдай куә, бетінде ештеңе болған жоқ. Бірақ келінім қорылдап тұрды», – деді ол.
Сотта Қайрат Тоғызбаев Айзат Жұмабаеваның ибалы келін болғанын, ешқандай теріс мінезін көрмегенін атап өтті.
Іс бойынша куәгер, Айбар Жанболаттың көршісі Нұрсұлтан Ноғайбаев сотта берген жауабында Айзаттың денесінен көгерген іздерді байқағанын жеткізді. Ол ауруханаға дейін көлік айдап барған.
«Түнгі 23.00 шамасында көршім Айбар келді. Ол Айзат ауырып қалды, ауруханаға жеткізейікші деді. Менде көлік болды. Көмек сұраған соң бардым. Сұлусайға жақын қалған кезде көліктің дөңгелегі жарылды. Сол себепті сол ауылдағы үйіне бардық. Сол жерден Айбардың өздерінің көлігіне отырғызып, Жансүгіров ауылына тарттық. Сол ауылдың ауруханасына барсақ, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Сол жақта біраз уақыт жүріп қалдық. Сол кезде Талдықорғандағы ауруханаға апарамыз деп шешім қабылдады», – дейді куәгер.
Олар Айзатты Талдықорғандағы ауруханаға жеткізген. Көліктен Айзатты көршісі Нұрсұлтан алып шыққан. Сол кезде ол Айзаттың бетінен көгерген іздерді байқаған.
Айбар Жанболаттың шаруашылығында сауыншы болып істеген Татьяна Чебатырёва сол күні ерлі-зайыптылардың арасындағы жанжалды естіп қалған. Айтуынша, жанжал 1 сағатқа созылған.
«Сол күні әдеттегідей күн болды. Айзат күліп, әзіл айтып жүрді. Түскі ас дайындады, баласын қарап жүрді. Кешкісін екеуінің айқай-шуын естіп қалдым. Айзат: «Қойшы, мен сені сүйемін ғой. Сүйемін, сүйемін» деп жатты. Тақырлаған дауыстар естілді», – дейді куәгер.
Алайда ол отбасылық жанжалға араласпайын деп шешкен. Ұрсысып, сосын қоятын болар деп топшылаған. Сонымен қатар ол екеуінің бұрын жанжалдасып жатқанын естімеген.