Қостанай облысында «Светофор» балалар лагерін ұйымдастырушы әкімшілік жазаға тартылды

Қостанай облысында «Светофор» балалар лагерін ұйымдастырған жеке кәсіпкер санитариялық бақылау талаптарын орындамағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылып, лагерь жұмысы үш айға тоқтатылды.

freepik.com

Астана, NEGE. Бұл туралы Қостанай сотының баспасөз қызметі хабарлады. Жеке кәсіпкерге қатысты әкімшілік іс мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының жедел ден қою шараларын белгіленген мерзімде орындамау немесе тиісінше орындамау фактісі бойынша қозғалған.

Таяуда желіде «Светофор» балалар жазғы лагерінде түсірілген видео жарияланған болатын. Видеоны лагерьдегі балалардың бірі түсіріп алған. Онда бітеліп қалған дәретханалар көрсетілген. Осы видеодан кейін ата-аналар лагерьді тексеруді талап етіп, шағым түсірген.

Қостанай облысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жүргізген тексеру барысында мекемеде санитариялық талаптардың өрескел бұзылғаны анықталған.

Атап айтқанда, асхана қызметкерлері медициналық тексеруден өтпеген, балаларды тамақтандыруға тыйым салынған азық-түлік пайдаланылған, жатын корпустарындағы жуыну бөлмелеріндегі су жылытқыштар істемеген, кәріз жүйесі бітеліп қалған.

Нәтижесінде, Алтынсарин ауданының бас санитариялық дәрігері 19 маусымда анықталған бұзушылықтарды жою туралы қаулылар шығарған.

Алайда 2 шілде кейін лагерьді қайта тексергенде, бұзушылықтардың басым бөлігі белгіленген мерзімде жойылмағаны анықталған. Бұл кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тартуға негіз болған.

Сот отырысында жеке кәсіпкер Р. өз кінәсін мойындады. Ол бұзушылықтардың жойылмауын жекелеген себептермен түсіндірді. Сот қаулысымен жеке кәсіпкер Р. әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 432 500 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар балалар лагерінде демалыс ұйымдастыру қызметі үш ай мерзімге тоқтатылды, – делінген хабарламада.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.