Қорғаныс министрлігі Ербаян Мұхтардың қазасына қатысты пікір білдірді
Қорғаныс вице-министрі Шайх-Хасан Жазықбаев әскерден басынан ауыр жарақат алып оралып, күні кеше қайтыс болған Ербаян Мұхтардың қазасына қатысты пікір білдіріп, тергеу неге ұзаққа созылып кеткені жөніндегі сұраққа жауап берді.
Астана, NEGE. Қорғаныс министрлігінің өкілі сөзін ведомство атынан марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтудан бастады. Сондай-ақ ол тергеу барысында кінәлілер анықталып, тиісті жазаға тартылатынын атап өтті.
«"Қашан және кім жауапқа тартылады?" деген сұраққа келсек, қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында кінәлі тұлғалар анықталады. Ұлттық ұлан басшылығына тәртіптік жаза қолданылады», – деді Жазықбаев кулуарда.
Жазықбаевтың айтуынша, Ербаян Мұхтардың жағдайы бойынша қылмыстық іс Ішкі істер министрлігінің құзыретінде. Сонымен қатар әскери прокуратура мен басқа да құқық қорғау органдары да тексеру жүргізіп жатқаны мәлім болды.
Сондай-ақ ол Ербаян басынан жарақат алғаннан кейін Қорғаныс министрлігі отбасына қолдау көрсеткенін атап өтті.
«Емдеу әскери госпитальда жүргізілді. Ата-анасымен үнемі байланыста болдық. Қолымыздан келгеннің бәрін жасап, Қорғаныс министрлігі көрсетілуі тиіс барлық көмекті көрсетті. Ұлттық ұланның басшылығы жерлеу рәсіміне қатысады деп ойлаймын», – деді вице-министр.
Еске салсақ, 2023 жылдың желтоқсанында Алматыдағы 5571 әскери бөлімінде қызмет еткен Ұлттық ұлан сарбазы Ербаян Мұхтар ауыр жарақат алғаны хабарланды. Әскерилердің ресми нұсқасы бойынша, сарбаз «дәретханада құлап, басын едендегі плиткаға соғып алған».
Алайда Ербаянның туыстары бұған күмән келтіріп, жай құлап қалудан мұндай ауыр жарақат алу мүмкін еместігін айтқан. Ауруханаға жеткізілген кезде дәрігерлер Ербаян Мұхтарға бас миының ауыр жарақаты, жедел субдуральді гематома, шүйде сүйегінің сынуы және тағы басқа ауыр диагноздар қойған.
Үш жыл бойы емделумен болған Ербаян 23 маусымда ауруханада жан тапсырды. Дәрігерлер өлімнің тікелей себебі ауыр бас-ми жарақатының салдары мен оған қосылған асқынулар аясында дамыған көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы екенін мәлімдеді.