Әскерден мүгедек боп оралған Ербаян Мұхтар қайтыс болды: ДСМ мән-жайды түсіндірді
Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері әскерден басынан ауыр жарақат алып келген Ербаян Мұхтардың қайтыс болғанын растады.
Астана, NEGE. Министрліктегілер Ұлттық ұланның бұрынғы әскери қызметшісі Ербаян Мұхтардың 2023 жылғы мерзімді әскери қызметін өтеу кезінде алған ауыр бас-ми жарақатының салдарынан аса ауыр жағдайда болғанын алға тартады.
«Дәрігерлер үш жылға жуық уақыт бойы науқастың өмірін сақтап қалу үшін күресті. Алайда алған аса ауыр жарақаттарының салдарынан бас миында қайтымсыз өзгерістер болып, науқастың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады», – делінген хабарламада.
Қарқынды терапия жүргізілгеніне қарамастан, оның жағдайы нашарлай берген. Атап айтқанда, қандағы оттегі сатурациясының төмендеуі, жүрек ырғағының бұзылуы және гемодинамиканың тұрақсыздығы тіркелген. Ал маусым айында негізгі ауыр сырқаттың аясында инфекциялық асқынулар, сепсис және көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы дамыған.
23 маусым сағат 21:40-та науқастың биологиялық өлімі тіркелген. Дәрігерлер өлімнің тікелей себебі ауыр бас-ми жарақатының салдары мен оған қосылған асқынулар аясында дамыған көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы екенін айтады.
«Науқас ең заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған палатада ем қабылдады. Оған заманауи дәрілік терапия жүргізіліп, ерекше күтім жағдайлары қамтамасыз етілді.
Медициналық персонал емдеу мен күтімнің барлық қажетті көлемін орындады. Сондай-ақ науқастың туыстарының жан сақтау бөлімшесіне кіруіне мүмкіндік беріліп, сапалы медициналық көмек көрсету үшін барлық қажетті жағдай жасалды», – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Ал Ербаянның туыстары ауруханада оған дұрыс күтім жасалмағанын айтып, тіпті «тыныс алу аппаратын әдейі өшірген» деген күдігін жеткізді.
Ағасының айтуынша, ауруханадан Ербаянның анасына қоңырау шалып, оның қайтыс болғанын хабарлаған соң, анасы мен әкесі, әпкесі дереу жеткен.
«Олар Ербаянды көрген кезде оның денесі әлі жылы болған, қаны жүріп, жүрегі соғып тұрған – ағзасы әлі де жұмыс істеп тұрған. Сол кезде олар дәрігерлерден: "Неліктен оны аппараттан ажыратып тастадыңыздар?" деп сұраған. Оларға Ербаянның қайтыс болып кеткенін айтып жауап берген. Алайда аппараттан ажыратылғаннан кейін адам расымен қайтыс болады. Өйткені оның өмірін сол аппарат ұстап тұрған», – дейді Ербаянның Наурызбай есімді ағасы.
Айтуынша, Ербаян пневмонияға шалдыққан, алайда үйінде оның жағдайы жақсы болған. Кейін жедел жәрдем шақырғанда олар Ербаянды ауруханаға алып кеткен. Ауруханада ол жиырма күндей жатқан.
«Телефонымда бейнежазба да бар. Ол пластик түтік арқылы тыныс алып жатқан. Сол түтіктің айналасы түгел іріңдеп кеткен. Оны қысып шығарып, тазалап отырған. Оған мүлде дұрыс күтім жасалмаған. Меніңше, инфекция да содан тараған. Көріп отырғандарыңыздай, кейін асқынулар басталды. Менің ойымша, олар аппаратты әдейі өшірген. Себебі мен келген кезде оның денесі әлі де жылы еді», – дейді ағасы.
Еске салсақ, 2023 жылдың желтоқсанында Алматыдағы 5571 әскери бөлімінде қызмет еткен Ұлттық ұлан сарбазы Ербаян Мұхтар ауыр жарақат алғаны хабарланды. Әскерилердің ресми нұсқасы бойынша, сарбаз «дәретханада құлап, басын едендегі плиткаға соғып алған».
Алайда Ербаянның туыстары бұл мәліметке күмән келтіріп, жай құлап қалудан мұндай ауыр жарақат алу мүмкін еместігін айтқан. Ауруханаға жеткізілген кезде дәрігерлер Ербаян Мұхтарға бас миының ауыр жарақаты, жедел субдуральді гематома, шүйде сүйегінің сынуы және тағы басқа ауыр диагноздар қойған.
Осы жағдайдан кейін Қазақстан халқы Ербаянның еміне қаржы жинап беріп, ол Түркияға барып ота жасатып келді.
Отбасының адвокаты Инга Иманбай Ербаян Мұхтардың ісі Бас прокуратураға өткенін хабарлаған болатын. Бас прокуратура қылмыстық істі толық бақылауына алғанын және барлық материалды жан-жақты тексеретінін мәлімдеген.