Конституциялық соттың шешімі тек нормативтік-құқықтық сипатқа ие – Қарин

Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин Конституциялық соттың лауазымдарды қайта сайлау немесе тағайындауға қатысты шешімін түсіндіріп, оның тек нормативтік-құқықтық сипатқа ие екенін атап өтті.

Ақорда

Астана, NEGE. Оның сөзінше, бұл – жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты туындаған бірқатар рәсімдік сұрақтарға берілген құқықтық жауап.

Атап айтқанда, жаңа Ата заңның күшіне енуіне байланысты 1 шілдеден бастап конституциялық нормадағы бір реттік өкілеттік мерзім талабы қолданылатын лауазымды тұлғалар тағайындалуға тиіс. Олар: Жоғарғы сот төрағасы, Бас прокурор, Конституциялық сот төрағасы мен судьялары.

«Осыған орай "Бір реттік өкілеттік мерзімге қатысты норманы қазіргі іс басындағы лауазымды тұлғаларға қолдану керек пе әлде олардың қайта тағайындалуына мүмкіндік бар ма?" деген сауал туындаған еді. Конституциялық соттың түсіндірмесі аталған мәселеге нақты құқықтық жауапты ұсынады: бір реттік өкілеттік мерзімге қатысты норма жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті лауазымдарға тағайындалған адамдарға ғана қолданылады. Құқықтық реттеудің бірізділік қағидатына сәйкес, бір реттік өкілеттік мерзім жөніндегі норма қазіргі Президентке де қатысты болады», – деп келтіреді Kazinform желілік басылымы Ерлан Қариннің сөзін.

Бұл ретте, ол Президенттің жеті жылдық бір ғана мерзімге сайлануы туралы ереже мемлекеттің Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы және басқару нысаны секілді мүлде өзгермейтінін атап өтті.

«Конституциялық нормалардың аталған түсіндірмесі қандай да бір тұлғаның автоматты түрде тағайындалатынын немесе сайланатынын білдірмейді. Ол тек тиісті тұлғаның сайлануына немесе тағайындалуына құқықтық мүмкіндігі бар екенін айқындайды. Осылайша, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Мемлекет басшысы Бас прокурорды тағайындады», – дейді Ерлан Қарин.

Оның түсіндіруінше, Конституциялық сот шешімі – жаңа мемлекеттік-саяси модельді қалыптастырумен байланысты ауқымды үдерістің кезекті бір бөлігі ғана.

«Қазіргі таңда жаңа институттарды іске қосу бойынша жоспарлы жұмыс жалғасуда: Құрылтай сайлауы тағайындалды, саяси партиялар съездерін өткізуде, сондай-ақ Қазақстан Халық Кеңесі хатшылығын құру туралы Жарлыққа қол қойылды», – деді Қарин.

Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі кейбір лауазымды қызметтерге қайта сайлану не тағайындау жөніндегі жаңа Конституция нормаларын түсіндіріп беруін сұрап, Конституциялық сотқа жүгінген. Конституциялық сот өкілдері «1995 жылғы Конституцияға сәйкес қызмет атқарып жүрген адамдар 2026 жылғы Конституция қолданысқа енгізілгеннен кейін тиісті қызметке сайлануы немесе лауазымға тағайындалуы мүмкін» деген қорытындыға келген.