Көлік жүргізушілерінің шағымынан кейін Павлодардағы бензин сапасы тексеріліп жатыр

Қазақстанда көлік жүргізушілері АИ-95 және АИ-98 бензинін құйғаннан кейін көліктерінде ақау пайда болғанын айтып, бензин сапасына шағымданған болатын. Осыған байланысты Павлодар мұнай өңдеу зауытында тексеру жұмыстары басталды.

freepik.com

Астана, NEGE. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, әлеуметтік желілерде жанармай сапасына қатысты шағымдардан соң өзінің орынбасары Қайырхан Тұтқышбаев пен Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Павлодарға жіберілді.

«Қазір әлеуметтік желілерде бұл тақырып қызу көтеріліп жатыр. Кеше менің орынбасарым, вице-министр Қайырхан Тұтқышбаев Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасарымен бірге Павлодар қаласына жіберілді. Қазір олар Павлодар зауытындағы отын сапасына қатысты заңбұзушылықтардың бар-жоғын тексеріп жатыр», – деді Ерлан Ақкенженов.

Министр Павлодар мұнай-химия зауытының «ҚазМұнайГаз» компаниясына тиесілі екенін және кәсіпорынның бензин өндіретінін атап өтті. Оның айтуынша, министрлік мәселені бақылауда ұстап отыр. Сонымен қатар Ақкенженов жаңа бензин партиясы Атырау мұнай өңдеу зауытынан жолға шыққанын айтты.

«Бірнеше күн шыдау қажет. Жаңа бензин партиясы жолда келе жатыр, оның ішінде Атырау мұнай өңдеу зауытынан да жеткізіледі. Қысқа мерзімде тиісті сападағы отынмен қамтамасыз етеміз», – деді министр.

Сала министрінің айтуынша, жанармай сапасына қатысты мәселенің нақты қай жерде және неге туындағанын әзірге айту ерте. 

Айта кетейік, бұған дейін министр бензин, дизель отыны және авиаотын қоры ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз етуге жеткілікті екенін мәлімдеді. Сондай-ақ жыл басынан бері құқық қорғау органдары Қазақстаннан 40 мың литрден астам жанармайды заңсыз шығарудың алдын алды.