«Кінәсін толық мойындады»: Алматыда заңгер Әділетхан Молдаханның соты басталды

Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханға қатысты сот отырысы басталды.

instagram.com/adiletkhan

Астана, NEGE. Әділетхан Молдахан өзіне тағылған айыппен толық келісетінін мәлімдеді, деп хабарлады Orda.kz.

Оған Қылмыстық кодекстің 274-бабының 2-бөлігі 3-тармағы бойынша (Көрінеу жалған ақпарат тарату) айып тағылып отыр.

Желілік басылым мәліметінше, іс бойынша жәбірленушілер – Алматы қалалық полициясы басшысының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен әкімшілік полицияның экс-басшысы Серік Шұмаев. Ұзабаевтың адвокаты айыпталушыдан 10 млн теңге моральдық және 1 млн теңге сот шығынын өндіруді талап етуде.

Әділетхан Молдаханның қорғаушылары оны үйқамаққа шығаруды және медиациялық келісімге келуді сұраған. Алайда олардың үйқамаққа шығару туралы өтініші қанағаттандырылмады, ал медиация мәселесі прокуратураның қарауына жолданған.

Еске салсақ, заңгер Әділетхан Молдахан 31 наурызда ұсталды. Қалалық полиция оған қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарының басталғанын хабарлады.

Блогер Алматының әл-Фараби даңғылындағы жол апатына қатысты резонанс тудырған видео жариялаған болатын. Ол апат алдында көлік жарысы ұйымдастырылғанын, жарысқан көліктердің арасында Полиция департаменті бастығы орынбасарының қызметтік көлігі де болғанын мәлімдеген еді.