ҚМА Перизат Қайраттың туысының Дубайдағы пәтерлеріне қатысты мәлімдеме жасады

Қаржылық мониторинг агенттігі сотталған Перизат Қайраттың туыстары Дубайдағы бірнеше пәтерді оның қылмыстық жолмен алған ақшасына сатып алған болуы мүмкін деген болжамды тексеріп, бұл ақпараттың расталмағанын хабарлады.

Перизат Қайрат/instagram.com

Астана, NEGE. Ведомство мәліметінше, тергеу барысында барлық қаржылық операция жан-жақты талданып, жымқырылған ақшаны заңдастырудың бүкіл тізбегі анықталған. Ал Дубайдағы жылжымайтын мүлік 2011-2019 жылдары, Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоры құрылғанға дейін, яғни Перизат Қайрат қылмыстық әрекетке кіріскенге дейін сатып алынған.

ҚМА өкілдері Перизат Қайратқа туыс болып келетін ерлі-зайыпты 20 жылдан астам уақыт бойы жылжымайтын мүлік сатып алып, қайта сатумен айналысып келгенін анықтаған. Сондай-ақ ерлі-зайыпты сотталған Перизат Қайрат пен анасынан бөлек тұрып, кәсіпкерлік қызметін де дербес жүргізген.

Бұл ретте агенттік өкілдері күдіктілермен туыстық байланысы бар деген себептің өзі адамды қылмыстық жауапқа тартуға және мүлкін тәркілеуге заңды негіз бола алмайтынын алға тартады. Мүліктің қылмыстық жолмен алынғанын растайтын дәлелдер болған жағдайда ғана оны бұғаттауға және тәркілеуге жол беріледі.

Еске салсақ, бұған дейін Telegram-дағы арналардың бірінде Перизат Қайраттың туысынан Дубайда жалпы құны шамамен 5,9 млн доллар немесе 2,67 млрд теңге болатын жеті жылжымайтын мүлік анықталғанын жазған еді. Арна мәліметінше, пәтерлер Перизат Қайраттың анасының туған ағасы Сәбит Алашбаевтың жұбайы Гүлбану Алашбаеваның атына рәсімделген. Жылжымайтын мүліктер Дубайдағы бірнеше элиталық тұрғын үй кешенінде орналасқан. Олардың арасында Бурдж-Халифаға жақын нысандар да бар.

Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаева қайырымдылықты желеу етіп, жиналған 3,5 миллиард теңгені жымқырғаны үшін  сотталды. Сот шешімімен Перизат Қайрат 10 жылға, анасы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Екеуінен жеке тұрғын үй, пәтерлер мен көліктер және  97 миллион теңгеден астам және 22 мың АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай қаражат тәркіленді.