КҚК терминалына бағыт алған танкерге екі рет шабуыл жасалды

Ресейдің Қара теңіз жағалауындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) терминалына мұнай тиеуге бағыт алған Nordic Zenith мұнай танкеріне қатарынан екі рет шабуыл жасалды.

goradar.ru

Астана, NEGE. «Интерфакс» ақпаратынша, түнде жасалған шабуылдан кейін кеме бортында өрт шыққан. Танкерде шыққан өртті экипаж өз күшімен сөндіріп, ауыр зардаптың алдын алған.

Алайда шабуылдан кейін кеме жүк тиеуге жарамсыз болып қалған.

Сондай-ақ танкер экипажы SOS дабылын бергеннен кейін консорциум күштері 13 адамды эвакуациялаған, ал тағы 9 адам өз еркімен кемеде қалуды ұйғарған.

Еске салсақ, 8 шілдеде Қара теңізде Chevron танкеріне дронмен шабуыл жасалған еді. Yasa Polaris мұнай танкері Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы тасымалданатын мұнайды жеткізуге пайдаланылып келген. Кеме Новороссийск маңындағы КҚК-ның мұнай тиеу терминалына қарай бара жатқан. Компания өкілдері бұл шабуылдан Қазақстанның мұнай экспортына ешқандай зиян келмегенін хабарлады.