КҚК теңіз терминалында мұнай танкеріне тағы шабуыл жасалды

20 шілдеге қараған түні Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалындағы азаматтық танкерге тағы да шабуыл жасалды.

КҚК

Астана, NEGE. КҚК-ның ақпаратынша, танкерлерге жасалған шабуылдарды Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен Энергетика министрлігі қатаң айыптағанына қарамастан, мұнай тиеп тұрған NELSA танкеріне ұшқышсыз ұшу аппараты арқылы соққы жасалған.

Шабуыл салдарынан палубада және танкердің бөлімшелерінде өрт шыққан. Өртті танкердің тиеу бригадалары мен авариялық-құтқару қызметінің мамандары сөндірген. Сондай-ақ халықаралық экипаждың 22 мүшесі эвакуацияланған. Кемеде тек капитан мен аға көмекші ғана қалған. Танкер су бетінде қалқып тұр.

«Мұнай тиеу жұмыстары тоқтатылды. Мұнайдың төгілуіне және оның танкер ішінде тұтануына жол берілген жоқ. КҚК-ға қатысушы мемлекеттер бұл шабуылдарды айыптап, халықаралық құқық нормаларын қатаң сақтай отырып, Қазақстан Республикасы аумағында халықаралық консорциумдар өндіретін көмірсутек шикізатын экспорттау инфрақұрылымына жасалып жатқан террористік шабуылдарды тоқтатуға бағытталған нақты шаралар қабылдайды деп күтеміз», – делінген КҚК хабарламасында.

Қазақстанның Энергетика министрлігі ақпаратты растап, шабуыл салдарынан адамдардың зардап шекпегенін және мұнайдың төгілуіне жол берілмегенін хабарлады. 

«Қазіргі уақытта кеменің техникалық жағдайы мен оқиғаның салдарын бағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр», – делінген ведомство хабарламасында.

Сондай-ақ министрліктің Каспий құбыр консорциумымен тұрақты байланыста екені айтылған.