6 января 2026 г. 12:46

КҚК-ға жасалған шабуылды қолдаған қазақстандықтардың үстінен іс қозғалды

Фото: ortcom.kz

Бұл туралы бас прокурор Берік Асылов депутаттардың сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Астана, NEGE. Оның мәлімдеуінше, қылмыстық іс ұлттық алауыздықты қоздыру бабымен қозғалған.

«2025 жылғы 17 желтоқсанда Астана қаласы полиция департаменті Каспий құбыр желісі консорциумына залал келтірілуіне байланысты азаматтардың жағымсыз пікірлер айту фактілері бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 174-бабы 1-бөлігі (ұлттық алауыздықты қоздыру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастағанын хабарлаймыз», – делінген бас прокурордың жауабында.

Берік Асылов сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында бұл адамдарды анықтау жəне олардың кінəсін растайтын дəлелдемелерді жинау бойынша тиісті шаралар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Тергеп-тексеру нəтижесі бойынша олардың əрекеттері түпкілікті сараланып, процестік шешім қабылданады.

Еске салсақ, бұған дейін Мәжіліс депутаты Айдос Сарым украин дрондарының Каспий құбыр консорциумына (КҚК) жасаған шабуылын қолдаған қазақстандықтарды тексеруді сұрап, бас прокурор Берік Асыловтың атына сауал жолдаған еді. Ол мемлекет үшін маңызды инфрақұрылым нысандарына шабуыл жасауға үндеген азаматтардың әрекеттерін терроризмді насихаттау немесе мемлекетке опасыздық жасау баптары аясында тексеруді ұсынған-ды.